Тоқаев БҰҰ қамқорлығымен ЖИ-ді жаһандық реттеу үшін «Вашингтон моделін» қолдануды ұсынды
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинова бүгін Ақордада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасын – ірі технологиялық компаниялардың басшыларымен ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімді қолдағанын айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы сараптамалық тұрғыдан мұқият зерделегеннен кейін «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық шарттың ықтимал негізі ретінде қарастыруды ұсынды.
Бұл ұсыныстың стратегиялық маңызы зор. Технологияларды әзірлеу жекелеген елдер мен компанияларда шоғырланғанымен, оларды қолданудың салдары мен соған байланысты тәуекелдер ұлттық шекаралардан әлдеқайда асып түседі. Сондықтан ЖИ-ді қауіпсіз дамыту мемлекеттер мен технологиялық бизнес тарапынан келісілген ұстанымдарды талап етеді. Тоқаевтың бастамасы Вашингтон келісіміне қатысушылардың ерікті міндеттемелерінен халықаралық ережелердің неғұрлым кең жүйесіне көшу перспективасын ашады.
Қазақстан сындарлы диалог жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын. Кеңес мүшелеріне елдің халықаралық бастамасы бойынша нақты ұсыныстарды қысқа мерзім ішінде әзірлеу тапсырылды. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады. Осылайша Қазақстан жаһандық технологиялық дамудың шарттарын айқындайтын ережелерді қалыптастыруға қатысуға дайын екенін білдіреді.
Бұл дипломатиялық бастаманың ішкі экономикалық күн тәртібімен тікелей байланысты екені маңызды. Отырыстың негізгі тақырыбы өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялау болды. Президент келтірген 2026 жылғы БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі есебінің деректеріне сәйкес, ЖИ әлемдік экономиканы өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің қатарына енді. Соңғы бес жылда ЖИ-ге байланысты патенттерге өтінімдердің жалпы көлеміндегі үлесі шамамен үш есеге өсті. Бәсекеге қабілеттілік барған сайын кәсіпорындардың технологияларды жедел енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру қабілетіне байланысты болып отыр.
Қазақстан үшін бұл – нақты міндет. Сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 46 трлн теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 8,4%-ға өсті. Өсімнің жоғары қарқынын сақтау еңбек өнімділігін арттыруды, кәсіпорындарды жаңғыртуды және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейтуді талап етеді. ЖИ енгізудің негізгі өлшемі де дәл осындай экономикалық нәтиже болуы тиіс.
Сарапшы атап өткендей, Президент фрагменттелген цифрландыру мәселесін анықтады: жекелеген операцияларды автоматтандыру көбіне өндірістің бұрынғы моделін сақтап қалады. Сондықтан Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, табысты шешімдерді кейіннен ауқымдау үшін негізгі бизнес-процестерді ЖИ негізінде кешенді трансформациялауға болатын кәсіпорындарды айқындау тапсырылды.
Ғылым мен өндірістің тікелей байланысына да ерекше назар аударылды. Qazaq AI Research University зерттеу бағдарламасы экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Өзекті міндеттерді күн сайын жабдықтардың тоқтап қалуын, өндірістік шығындар мен ақауларды көріп жүрген инженерлердің, технологтардың, шеберлер мен операторлардың қатысуымен анықтау қажет. Технологиялық командалар үшін міндетті қоюдан және деректерге қолжетімділіктен бастап кәсіпорында сынақтан өткізу мен экономикалық тиімділікті бағалауға дейінгі толық жолды қалыптастыру көзделіп отыр. Тексерілген шешімдер артық келісулер мен ұқсас жағдайларда қайта сынақтан өткізусіз коммерциялық қолданысқа тезірек енгізілуі тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, «Вашингтон моделін» қолдау технологиялық жаңғыртудың ұлттық бағдарламасын толықтырады. ЖИ өндіріс пен басқару жүйесіне неғұрлым терең енгізілген сайын, бұл технологияларға деген сенімнің, қауіпсіздік пен оларды қолдану жауапкершілігінің маңызы арта түседі. Қазақстан үшін ЖИ-ді дамыту ережелері жөніндегі халықаралық диалогқа қатысу өзінің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін нығайту жұмысының бір бөлігіне айналып отыр.