Қазақстан Ыстамбұлда сауда кеңсесін ашты

Сонымен қатар кеңсе отандық тауарларды үшінші елдердің нарықтарына ілгерілетуге жәрдемдеседі.

 gov/kz 5 Қараша 2026, 22:50
5 Қараша 2026, 22:50
134
Фото: gov/kz
Күні кеше Ыстамбұл қаласында «QazTrade» АҚ серіктестік кеңсесінің ресми ашылу рәсімі өтті..

Жаңа кеңсе қазақстандық өндірушілерге түрік сатып алушыларымен тікелей байланыс орнатуға, өз өнімдерін таныстыруға және іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кеңсе отандық тауарларды үшінші елдердің нарықтарына ілгерілетуге жәрдемдеседі.

Кеңсенің ашылуы 2–4 қараша аралығында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСЕК) 42-сессиясымен тұспа-тұс келді. Аталған жиынға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова қатысты.

Бүгін түрік серіктестеріміз Қазақстанның қандай өнімдер ұсына алатынын өз көзімен көруі үшін қазақстандық тауарлардың үлгілерін де ала келдік. Біз әсіресе азық-түлік өнімдерінің, өңделген тауарлардың және өзге де дайын өнімдердің Түркия нарығына экспортын кеңейтуге мүдделіміз, – деді Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

Серіктестік кеңсенің ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың кезекті қадамы болды. 28 қазанда Анкарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.

Жаңа кеңсенің ашылуы екі ел арасындағы сауда көлемі айтарлықтай өсіп отырған кезеңге тұспа тұс келді. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 62,1%-ға артып, 6,33 млрд долларға жетті. Қазақстанның Түркияға экспорты 91%-ға өсіп, 5,3 млрд долларды құрады. Ал импорт көлемі 1,03 млрд доллар болды. Түркия Қазақстанның сауда серіктестері арасында төртінші орында тұр.

QazTrade-тің Түркиядағы серіктесі – Yenisan Companies Group. Компания кеңсе мен көрме алаңын орналастыруға арналған үй-жай ұсынып, түрік компанияларымен іскерлік байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кеңсе Ыстанбұлдың іскерлік орталықтарының бірі – Аташехир ауданында орналасқан. Мұнда келіссөздер жүргізуге арналған бөлмелер мен қазақстандық өндірушілердің өнімдері қойылған шоурум жабдықталған.

Шоурумда «Цесна» брендінің ұны, макарон өнімдері мен жармалары, «Абзал и К» күріші, Arvena компаниясының жасымық, асбұршақ және макарон өнімдері, KaMei құрғақ сүті, Aspan food camel түйе сүтінен жасалған өнімдері, Aruana құрғақ түйе сүті, Qurt qazaq national product құрты, «Барака» брендімен шығарылатын құрт, кептірілген нан тілімдері мен шемішке, RIKS сусындары, BARBADOS шәрбаттары, «Бахус» коньягы, AMANI киімдері мен аксессуарлары, «Рахат» және Qazaq Apple шоколадтары, «Цесна» мен «Баян Сулу» печеньелері және тіскебасарлары, жеке кәсіпкер Смаиловтың балы, «Династия Агро» ЖШС зығыр майы, түрлі өндірушілердің күнбағыс майы, «Чайный центр» жеке кәсіпкерінің «Той» және «Алтын Кесе» брендтерімен шығарылатын шайлары, сондай-ақ тосап өнімдері ұсынылған.

Шоурум қазақстандық тауарларды тұрақты түрде таныстыратын алаң ретінде жұмыс істейді. Түркиялық импорттаушылар мен дистрибьюторлар өнім үлгілерімен танысып, өндірушілер туралы ақпарат алып, олармен тікелей байланыс орната алады.

QazTrade түрік нарығына өнім жеткізумен қатар, серіктестерімен бірлесіп Сирия, Ирак, Иран және Ауғанстан нарықтарына шығу мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр. Сондай-ақ қойма және терминал инфрақұрылымын дамыту, инвестициялар мен технологиялар тарту мәселелері пысықталуда.

Талқыланып жатқан жобалардың бірі – қазақстандық тауарларды жеткізуге қызмет көрсететін қойма кешенін құру. Бұл жоба іске асқан жағдайда логистикалық мүмкіндіктер кеңейіп, экспорттаушылардың жұмысын қамтамасыз ететін қосымша инфрақұрылым қалыптасады.

Наверх