Qazaqstan ұлттық арнасының жаңа маусымы таныстырылды

16 Қыркүйек 2022, 18:46
2163
Бөлісу:
Qazaqstan ұлттық арнасының жаңа маусымы таныстырылды
Фото: автордан

Телеарна таныстырылымында  жаңа формат қандай болатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Телерадиокорпорацияның басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Qazaqstan және Balapan телеарналары Қырғызстан мен көрші елдерде көрсетілетінін айтты.

Бұл маусымда көрермен сұранысына ие, брендке айналған барлық жобалар жалғасын табады, жаңалары да жоқ емес. Өздеріңіз байқағандай, «Qazaqstan» арнасы қазіргі кезде ұлттық бағытын, атауын сақтай отырып, қоғамдық-саяси телеарнаға айналды. Тек қазақ тілінде ақпарат тарата отырып, нарықта бәсекеге қабілетті бола алды, бұған рейтингтік көрсеткіштер дәлел. Ендігі межеміз – «Qazaqstan» деген брендті одан әрі танымал ету, шетелдік нарыққа шығу. Қазір  «Qazaqstan» телеарнасының диджитал нұсқасын шығардық. Qazaqstan OTT каналы шетелдерде үздіксіз көрсетіліп тұр. Яғни, диджиталдағы көшбасшылығымыз бұл бағытта да жалғасып отыр. Жақын уақыттарда шетелдегі көрермен үшін, шетелдегі қандастарымыз үшін дәстүрлі эфирлік нұсқамызды шығарамыз.Бұл- біз үшін өте үлкен абырой,-деді Ләззат Танысбай

Іс-шараның арнайы қонағы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жаңа маусыммен құттықтады.

Ұлттық арна биылға үлкен дайындықпен келіп отыр. Жыл біз үшін қиындықтан басталды. Бірақ корпорация қаңтар оқиғасы кезінде алтын қорды сақтап қалды. Ал референдум кезінде 16 сағат үздіксіз телемарафон жүргізіп, бірегей шараға ұйытқы болды,- деді министр.

Ол атағандай, телеарнаның қоры қайта жанданды.

Телеарна Ұлттық сипатты халықаралық сипатқа айналдырып жатыр. Қырғызстан тарапы Ұлттық арнаны көрсету бастамасын жақсы қолдады. Ол қанатын кеңге жаяды деп ойлаймын. Qazaqstan ұлттық арнасының жаңа маусымы құтты болсын, - деді ол.

TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректері бойынша, «Qazaqstan» телеарнасының жалпы аудиториядағы үлесі соңғы үш жылда жылмен салыстырғанда 70 пайызға өсті. Ал қазақтілді аудитория бойынша өсу көрсеткіші - 80 пайыз және барлық отандық арналар ішінде алғашқы орында.

Жаңа маусымда «Qazaqstan» арнасы күндізгі қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы «Өмір көркем», интеллектуалдық бағыттағы «Нартәукел», еңбек иелерін дәрітпеуге арналған «Тіршілік» бағдарламаларымен толығады және «Qazaqstan дауысы» телешоуы жаңа маусымын бастайды.  Күнсайынғы тікелей эфирдегі «Aqparat»,«Ашық алаң», «1001 түн», «Жедел желі» жобалары жаңаша форматта жалғасады.  

«Balapan» телеарнасы 2022 жылы 209 сериядан тұратын 11 анимациялық жоба өндіреді. Одан бөлек, балалардың зияткерлік сайысына құрылған «Білім бәйгесі», «Ең мықты», «Кім тапқыр?!», «Байқа, балақай!», «Күмбір live» бағдарламалары эфирге шығады. «Abai tv»телеарнасынан жаңа маусымда «Мұра», «Бірегей», «Би әлемі» және «Поэзия қағанаты»бағдарламалары шыға бастады.

«Qazsport» телеарнасы барлық спорт түрлері бойынша тікелей транслияциялар көлемін ұлғайтты. Футболдан Катарда өтетін биылғы Әлем чемпионатын көрсету құқығын «Қазақстан»телерадиокорпорациясы иеленді. Бокс әлемінде жылдың басты әрі негізгі жекпе-жегі саналған Геннадий Головкин мен Канело арасындағы трилогия біздің арналардан тікелей эфирде көрсетіледі және Корпорация 18 қыркүйек күні бокс жанкүйерлері үшін «Қазмедиа» орталығында ашық көрсетілім ұйымдастырады, - деді  Ләззат Танысбай.

Басқарма төрайымының айтуынша, жаңа маусымдағы басты жаңалықтардың бірі  - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2022 жылы 171 сериядан тұратын 15 отандық телехикая өндіреді. Оның ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Міржақып Дулатұлы мен Мағжан Жұмабаевқа, күйші Дина Нүрпейісоваға, академик, тарихшы-этнограф Әлкей Марғұлан мен түркі әлеміне ортақ аңыз тұлға Қорқат ата тұлғасына арналған тарихи бағыттағы 5 туынды бар.  

Біздің мақсатымыз -  жыл өткен сайын тарихи сериалдар өндірісінің сапасын арттыру және ол туындыларды шетелдік нарыққа шығару. Бұл – баршамыздың ортақ абыройымыз, - деп атап өтті Л.Танысбай.

Ал «Қазақ радиосы,  «Шалқар», «Astana» және «Classic» радиолары жалпы саны 105 бағдарламаны жаңаша бағытта жалғастырады.

Қазіргі таңда республикалық телерадиоарналардан бөлек, Корпорацияға қарасты 14 аймақтық телеарна еліміздің барлық өңірлерінде үздіксіз хабар таратып отыр. Аймақтық телеарналардың жанынан өңірлерде бірнеше радио жұмыс істеп тұр.

Жаңа маусымда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі жұмысын жалғастырады. 2022 жылғы қараша айынан бастап еліміздегі ЖОО-ның журналистика, кино өнері және телевизия факультетінің III, IV курс студенттеріне арналған медиамектептің екінші кезеңі басталады. Айта кетерлігі, өткен жылғы алғашқы кезең нәтижесі бойынша медиамектептің 10 түлегі «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қызметке шақырту алды.

Өзгелердің жаңалығы