Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті

4 Наурыз 2022, 12:39
1720
Бөлісу:
Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Түркия вице-президенті Фуат Октайдың төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті.

Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, транзиттік-көлік, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ екі ел арасындағы әуе жолдарының географиясын кеңейту және тұрақты рейстер санын арттыру қажеттілігіне назар аударылды.

Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті

Түркия — Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, $4,1 млрд асты. 

Екі ел әріптестігінің стратегиялық сипатына тоқталған ҚР Премьер-Министрі 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт 39%-ға өсіп, шамамен $3 млрд жеткенін, 2021 жылы Түркиядан Қазақстанға импорт 20,5%-ға артып, $1,1 млрд құрағанын атап өтті. 

Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті

Бүгінгі таңда түрік бизнесі Қазақстанда жалпы құны $5,5 млрд құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Өз кезегінде Түркия вице-президенті Ф. Октай Түркия Республикасы Қазақстанмен барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін, мұның өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті

Отырыс аясында экономикалық ынтымақтастық бойынша жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстан тарапынан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, сауда және интеграция, ұлттық экономика, денсаулық сақтау вице-министрлері және басқалары қатысты. Түрік тарапынан индустрия және технология, сауда, көлік және инфрақұрылым, денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты.

Соңында ҮАК отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылып, бірлескен жоспар қабылданды. Ресми делегация мүшелері өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін екіжақты кездесулер өткізді.

Өзгелердің жаңалығы