Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сенатының төрағасы бүгін жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды.
Сапардың басты мақсаты Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламентшілері қатысқан «Орталық Азия – Ресей» парламентаралық бірінші форумына қатысу болып табылады.
Мәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері түрікмен көшбасшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері әңгімеге арқау болды.
Қазақстан Сенатының төрағасы сондай-ақ Түрікменстан Халк Маслахаты Милли Генгешінің Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен де кездесті. Онда Парламент бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту басымдықтары сөз болды. Тараптар логистикалық мәселелерді де қозғады. Геосаяси шиеленістер жағдайында теміржол, автомобиль, су көлігі саласындағы бірлескен жұмыстың қарқынын арттыру жайы да назардан тыс қалған жоқ.
Бірыңғай қолайлы тарифтік саясат жүргізу «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» және «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан» бағыттары бойынша жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты бұл – өзекті мәселе. Сондықтан парламентшілер осы және басқа да бағыттар бойынша туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесу үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесуде парламентаралық өзара іс-қимыл қазақ-түрікмен қатынасындағы тұрақтылық факторларының бірі екені айтылды. Мәулен Әшімбаев осыған байланысты екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ, екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді тағы бір пысықтау үшін парламенттік дипломатияның әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігіне де тоқталды.