Қазақстан Тұрақты өкілі БҰҰ БЖКБ басшысымен ынтымақтастықты талқылады

4 Мамыр 2022, 20:29
1141
Бөлісу:
Қазақстан Тұрақты өкілі БҰҰ БЖКБ басшысымен ынтымақтастықты талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Грандимен ағымдағы екіжақты ынтымақтастықты және оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Ф. Гранди қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы ішкі саяси жағдайдың тұрақтанғанын атап өтіп, елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жоғары бағалады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің сындарлы қадамы ретінде БҰҰ БЖКБ басшысы биыл босқындар мәселелері бойынша кейбір функцияларды Ішкі істер министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беруді атады.

Е. Әлімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси реформалар, соның ішінде Конституцияға түзетулер енгізу, сондай-ақ 2022 жылғы сәуірдің соңында Женевада Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны орындауы жайлы 8-10 мерзімдік баяндамаларды Нәсілдік кемсітушілікті жою комитетінде табысты қорғау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл қадамды БҰҰ БЖКБ басшысы да оң қабылдады.

Сонымен қатар, тараптар Орталық Азиядағы босқындарды және халықаралық көші-қонды қорғау бойынша консультативтік алаң болып табылатын Алматы процесін қаржыландыру мәселесі бойынша ықтимал ынтымақтастықты талқылады, сондай-ақ Украина мен Ауғанстаннан келген босқындарға қатысты ақпарат алмасып, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу соңында сұхбаттастар бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы