Америкалық Remitly компаниясы жариялаған Immigration Index 2026 халықаралық рейтингінде Қазақстан ТМД елдері арасында көшуге ең қолайлы мемлекет деп танылды.
82 ел қамтылған әлемдік рейтингте Қазақстан 53-орынға жайғасып, зерттеуге енген посткеңестік мемлекеттердің бәрінен озып шықты.
Рейтингтегі өзге ТМД елдерінің көрсеткіштері:
Молдова – 56-орын;
Әзербайжан – 66-орын;
Армения – 74-орын;
Өзбекстан – 75-орын.
Ал Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина зерттеуге енгізілмеген.
Зерттеу авторлары елдерді 16 санатқа біріктірілген 34 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олардың қатарында қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, экология жағдайы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, өмір сүру құны, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көліктің дамуы, отбасыларды қолдау және ірі мигранттық қауымдастықтардың болуы бар.
Әлемдік рейтингтің көшін Швейцария бастады. Екінші орында – Исландия, үшінші орында – Люксембург. Ал алғашқы бестікке Австралия мен Германия да енді. Соңғы орында Куба орналасқан.
Remitly мәліметінше, рейтингті жасау кезінде тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, өмір сапасы, қауіпсіздік, отбасыларға қолайлылық және мигранттардың ұзақ мерзімді бейімделу мүмкіндіктері де ескерілген.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, қазіргі мигранттар үшін өмір сапасы, қауіпсіздік, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және болашақ құру мүмкіндігі негізгі факторлар болып қала береді. Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Қазақстан 2026 жылы ТМД кеңістігіндегі ең тартымды ел атанды.