Қазақстан теміржолын түбегейлі реформалау қажет – Сенатор

8 Желтоқсан 2022, 17:39
5330
Бөлісу:
Қазақстан теміржолын түбегейлі реформалау қажет – Сенатор

Сенатор Бауыржан Қаниев еліміздің теміржол саласын реформалау қажет екенін айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Премьер-Министр Әлихан Смайловқа жолдаған депутаттық сауалында теміржол саласының проблемалары мен оларды шешу жолдарын ұсынды.

Сенатордың мәлімдеуінше, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркінде 2 228 вагон бар, олардың 35 пайызының пайдалануға берілгеніне 28 жылдан асып кеткен. Тальго вагондарын есептемегенде, жолаушылар вагондары орташа есеппен 63 пайызға, ал локомотивтер 67 пайызға тозған.

Бауыржан Қаниев дерегінше, «ҚТЖ» АҚ меншігінде жүкті тиеу-түсіруге арналған 170 арнайы орын бар, ал олардың жеке меншіктегі саны 3 600-ден асады.

Сенатор айтуына қарағанда, ол жердегі тарифтердің бақылаусыздығы мен  жемқорлық әрекеттері теміржол  бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкеліп отыр.

Теміржол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескере келгенде, «Қазақстан темір жолы» АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді. Осы мәселелерді шешуді, ең алдымен, саланың тәжірибелі мамандарын басшылық лауазымдарға тағайындаудан бастаған жөн деп санаймыз. Елімізде мемлекеттік активтерді жекешелендіру салдарынан болған жағымсыз жағдайларды ескере отырып, жекешелендірілген жүк тиеу орындарын, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет, - деп сауал жолдады депутат.

Өзгелердің жаңалығы