Қазақстан темір жолы Тәуелсіздік жылдарындағы магистральдық теміржол желісін жаңғырту бойынша ең ірі жобалардың бірін жүзеге асырып жатыр. 2025–2026 жылдары жаңғырту жұмыстары елдегі магистральдық желінің 25%-ын қамтитын 3 мың шақырым учаскеде жүргізіледі. Қазіргі уақытта жоспарланған көлемнің 38%-ы орындалып, 1140 шақырым жаңартылған.
Жоба аясында:
- 27 жаңа разъезд салу;
- ірі станцияларда 6 қосымша парк тұрғызу;
- қолданыстағы разъездерде 15 жаңа жол төсеу;
- ең жүктемесі жоғары учаскелерде 32 шақырым екінші жол салу қарастырылған.
Сонымен қатар пойыз қозғалысын басқару жүйесін цифрландыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда:
- Ақсу – Жаңа-Семей, Тобыл – Қандыағаш, Қызылжар – Сексеуіл, Шалқар – Бейнеу учаскелеріндегі 2188 шақырым жолға цифрлық автобұғаттау жүйесін енгізу;
- 98 станцияны цифрлық автобұғаттау жүйесіне қосу;
- Жаңа-Семей, Шалқар және Бейнеу станцияларындағы 1950 жылдардан қалған релелік жүйені микропроцессорлық орталықтандыру жүйесіне ауыстырып, 213 бағыттамалы бұрманы жаңарту;
- 38 релелік және 60 микропроцессорлық станцияны бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру;
- Алтынкөл, Жаңа-Семей және Сексеуіл станцияларындағы үш сұрыптау жүйесін жаңғырту көзделген.
Жаңғырту нәтижесінде жартылай автоматты бұғаттау жүйесі бар учаскелердің үлесі 55%-ға қысқарып, 3973 шақырымнан 1785 шақырымға дейін азаяды. Бұл Қазақстан теміржол саласын цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ.
Жоба пойыз қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, инфрақұрылымның өткізу қабілетін көбейтуге және тасымал процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазір жұмыстар желінің жеті учаскесінде қатар жүріп жатыр. Ауқымы мен көлемі жағынан бұл жоба Қазақстан теміржолы тарихында бұрын-соңды болмаған бастамалардың бірі саналады.