Қазақстанда қызметтер экспортының көлемі артып келеді. Бұл туралы Құрылтай отырысынан кейін өткен брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, экспорттық қызмет көрсету саласы қазіргі таңда әлемдік экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналған. Алғаш рет қызмет көрсету саласының өсімі тауарлар саудасының өсімінен жоғары көрсеткішке жеткен. Бүгінде әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 60 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Қазақстанда бұл көрсеткіш ақшалай мәнде шамамен 92,2 триллион теңгеге жетті.
Оның сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан экономикасында көлік, IT, құрылыс қызметтерімен қатар көтерме және бөлшек сауда салаларының да маңызы арта түспек.
Министр Қазақстанда да қызмет көрсету саласының даму динамикасы байқалып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, IT секторындағы қызметтер экспорты шамамен 8 пайызға өскен.
Сонымен қатар электронды сауда нарығының үлесі де артып келеді. Оның айтуынша, электронды сауда бүгінде Қазақстандағы бөлшек сауда көлемінің шамамен - 15 пайыз
«Бұл тек әлемдік тренд емес, Қазақстан экономикасында да анық қалыптасқан үрдіс», – дейді министр.
Шаққалиев Дүниежүзілік сауда ұйымын (ДСҰ) реформалау мәселесінде қызмет көрсету саласына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның ішінде IT және ақпараттық қызметтерді дамыту өзекті бағыттардың бірі болып отыр.
«Қызмет көрсету саласы экономикамыздың негізгі бағыттарының бірі болады. Әсіресе көлік, IT, құрылыс қызметтері, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда маңызды рөл атқарады», – деді Арман Шаққалиев.