Қазақстан тарихының көптөмдығын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр

29 Сәуір 2024, 17:48
810
Бөлісу:
Қазақстан тарихының көптөмдығын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық басылымды әзірлеп жатқан жетекші ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы қаңтарда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында заманауи ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, Қазақстан тарихының көптомдығын дайындау туралы бастама көтерген болатын.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, сондай-ақ томдардың редакциялық алқаларының жетекшілері мен мүшелері – Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Болат Көмеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Жомарт Жеңіс, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері Айболат Көшкімбаев, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған көптомдықты әзірлеу жұмысы туралы Мемлекеттік кеңесшіге ақпарат берді.

Жиында Ерлан Қарин Қазақстан тарихы туралы академиялық басылымды әзірлеу барысының аралық қорытындысын жасады. Мемлекеттік кеңесші көптомдықтың дайындық дәрежесін бағалай отырып, осы ғылыми жобаны жүзеге асыру ұтымды әрі объективті көзқарастарды, барлық тарихи фактілерді, материалдар мен құжаттарды жан-жақты зерделеуді және соңғы жылдардағы ғылыми жаңалықтарды айналымға енгізуді қажет ететінін атап өтті.

Бұл жобаға 5 ғылыми институт, еліміздің 250-ден және шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымдары жұмылдырылды. Көптомдыққа 40-тан аса археологиялық зерттеу материалдары, тарих, археология және этнография салалары бойынша 300-ге жуық еңбек енетін болады. Академиялық басылымды дайындау барысында халықаралық форумдардың, көптеген ғылыми конференцияның, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлардың аясында арнайы секциялар өтті. Осы іс-шараларда ғылыми зерттеулердің нәтижелері тексерілді, сондай-ақ ғалымдардан, сарапшылардан және мамандардан ұсыныстар алынды.

Өзгелердің жаңалығы