Қазақстан тарихындағы қаралы күндер

29 Қазан 2023, 09:24
1019
Бөлісу:
Қазақстан тарихындағы қаралы күндер
Фото: архив

Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Бұл Қазақстан тарихындағв ең қайғылы күндердің бірі. BAQ.KZ редакциясы ел тарихындағы қаралы күндерге шолу жасады.

28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жойқын жарылыс болып, салдарынан 33 адам қаза тауып, 13 кенші іздестіріліп жатыр. Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы И.А. Костенко атындағы шахтада болған авария салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 29 қазанда жалпыұлттық аза тұту жариялады. Бұл ел тарихындағы он үшінші қаралы күн.

Ұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телерадиода ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылады.

2006 жыл 20 қыркүйек. Шахтадағы жарылыс

2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде метан жарылды. Салдарынан 7 адам жараланып, 41 адам мерт болды.

Қазақстан халқы осы оқиғадан соң алғаш рет аза тұтты.

2008 жыл 14 қаңтар. Шахтадағы жарылыс

2008 жылы Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Абай» шахтасында метан жарылды. Онда 14 адам ауыр жараланып, 30 адам қайтыс болды.

Халқымыз 2 күн қатарынан аза тұтты.

2010 жыл 16 наурыз. Ауыл суға кетті

2010 жылғы 11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, ауыл суға кетті. 45 адам қаза тауып, 370 үй жарамсыз болып қалды.

Осы жылы 16 наурыз жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2010 жыл 5 маусым. Челах ісі

2012 жылғы 30 мамырда «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының «Сары бөктер» заставасында 12 шекарашы мен қорықшы кісі қолынан қаза тапты. Осы қылмысты жасаған шекарашы Владислав Челах 11 желтоқсанда өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

5 маусымда Ұлттық аза тұту күні жарияланып, еліміздің мемлекеттік туы түсірілді.

2012 жыл 27 желтоқсан. Ұшақ құлады

2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болды.

Екі күннен соң Қазақстан халқы жалпұлттық деңгейде қаза тапқандарды еске алды.

2013 жыл 31 қаңтар. Scat жерге құлады

2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуе рейсі жерге құлап, 21 адам көз жұмды.

Осыған байланысты 31 қаңтар қаралы күн болып жариялады.

2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі әскери бөлімге шабуыл

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топ 2 қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Қарулы қақтығыс кезінде 21 адам ажал құшты. Олардың арасында 8 - қала тұрғыны, 3 - әскери адам және 13 - қылмыскер болды.

9 маусым күні қазақстандықтар тағы да аза тұтты.

2019 жыл 28 желтоқсан. Bek Air

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 12 адамның жанын жалмады. 28 желтоқсан күні қазақстандықтар аза тұтты.

28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2020 жыл 13 шілде. Коронавирус індеті

2020 жылы 13 шілде еліміз бойынша коронавирустан қаза болған жандарды еске алуға арналған аза тұту күн болып жарияланды. Қазақстанда 19 мыңнан астам адам коронавирустан қаза тапты.

2021 жыл 29 тамыз. Байзақтағы әскери бөлім

Жамбыл облысы Байзақ ауданында 26 тамыз күні әскери бөлімнің оқ-дәрілер сақталған қоймасынан өрт шықты. 13 адам мерт болып, 98 адам жарақат алды.

Жарылыс ошағына жақын ауылдардан 100-деген адам эвакуацияланды. Қоймадағы оқ-дәрілердің кейбірі дәл осындай жарылыс болған Арыс қаласынан әкелінгені белгілі болды.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.

Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады, - деп айтқан еді Президент.

2022 жыл 10 қаңтар. Қаңтар оқиғасы

2022 жылы қаңтардың басында еліміздің бірнеше қаласында болған бейбіт ереуілдің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, 238 адам қаза тапты.

Жаппай тәртіпсіздік бойынша 1 205 адам сотталып, 1 095 адамға рақымшылық жасалды.

2022 жылы 10 қаңтар Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты елімізде жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

2023 жыл 12 маусым. Абайдағы орман өрті

Абай облысындағы орман өртінен 14 адам қайтыс болды. Президент қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтып, мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлер мемлекеттік наградаға ұсынылады. Орман өртіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

2023 жыл 29 қазан. Шахтадағы апат

28 қазанда сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 33 кеншінің денесі табылды. Қалған 13 адам әлі іздестіріліп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апатқа байланысты өңірге арнайы барып, өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туыстарына көңіл айтты.

Тоқаев еліміз бойынша 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Өзгелердің жаңалығы