Қазақстан тарихы туралы жалған ақпаратқа жедел жауап беретін тетік қажет – депутат

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 16 Қыркүйек 2026, 11:25
16 Қыркүйек 2026, 11:25
239
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Құрылтай депутаты Шолпан Каринова Қазақстан тарихына қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тетік қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл мәселені Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Депутаттың сөзінше, бұл ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді.

Ол бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайтынын айтты. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформалардың ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады.

Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет, – деді депутат.

Шолпан Каринова бұл мәселе тарихпен ғана шектелмейтінін атап өтті.

Халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмыстарды азаматтардың толық біле бермейтініне көз жеткіздік. Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды.

Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет. Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс, – деді Шолпан Каринова.

Оның сөзінше, ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет.

Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді. Сондықтан ақпараттық кеңістіктегі бәсеке – ұлттық санаға ықпал ететін бәсеке, – деді депутат.

Осыған байланысты «Әділет» фракциясы Үкіметтен:

1. Ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағытының бірі ретінде айқындауды;
2. Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды;
3. Тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды;
4. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды;
5. Тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды сұрады.

Наверх