Қазақстан тағы бір конвенцияға қосылады: Киберқылмыспен күресте не өзгереді?

30 Қыркүйек 2026, 11:13
АВТОР
 30 Қыркүйек 2026, 11:13
30 Қыркүйек 2026, 11:13
110

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасады. Оның айтуынша, Будапешт конвенциясына қосылу трансшекаралық киберқылмыстарды жедел тергеп-тексеруге және электрондық дәлелдемелерді алуға мүмкіндік беретін халықаралық құқықтық тетіктерді кеңейтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, конвенцияға қосылу қажеттілігі, ең алдымен, киберқылмыстың трансшекаралық сипатымен байланысты. Қылмыс жасаған адам, жәбірленуші, сервер, провайдер және тергеуге қажетті электрондық деректер әртүрлі мемлекеттерде орналасуы мүмкін. Мұндай жағдайда тергеудің тиімділігі халықаралық ынтымақтастықтың жеделдігіне және цифрлық дәлелдемелерді уақтылы сақтау мүмкіндігіне тікелей байланысты.

Үнзила Шапақтың айтуынша, Қазақстан 2023 жылғы 19 сәуірде Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінен Конвенцияға қосылуға ресми шақыру алған. Оның қолданылу мерзімі – бес жыл.

Конвенция компьютерлік қылмыстарға қатысты істер бойынша халықаралық ынтымақтастықтың және электрондық дәлелдемелермен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық тәсілдерін қалыптастырады. Бұл, әсіресе, қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен заңды өзара іс-қимыл арналарын кеңейтуге, компьютерлік деректерді жедел сақтауға және кейіннен белгіленген тәртіппен алуға мүмкіндік береді, - деп айтты ол.

Депутат конвенцияға қосылу қолданыстағы екіжақты келісімдер мен құқықтық көмек көрсетудің өзге де халықаралық тетіктерін алмастырмайтынын атап өтті. Керісінше, оларды киберқылмысқа қарсы күресте қолданылатын арнайы құралдармен толықтырады.

Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық ұлттық заңнама, процестік кепілдіктер, адамның құқықтары мен бостандықтары сақтала отырып жүзеге асырылатынына назар аударды. Конвенция шетелдік органдардың Қазақстанның ақпараттық жүйелеріне бақылаусыз қол жеткізуін көздемейді әрі мемлекеттік өкілеттіктерді басқа елдерге беруді білдірмейді.

Осылайша, заң жобасы трансшекаралық киберқылмыстарды неғұрлым жедел тергеп-тексеру және электрондық дәлелдемелерді алу үшін қосымша халықаралық-құқықтық негіз қалыптастырады, - деді Үнзила Шапақ.

Наверх