Мәжіліс спортқа қатысты заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда спорт саласын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын депутат Нартай Аралбайұлы түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен алаңда үлкен жетістік жасауды білмеген легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданды, - деді депутат.
Депутаттар спортқа бөлінген қаражат әр басшының ойына келген салаға бөлінбесін деп біз заңда бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бағыттарды тізіп жазды.
Олар:
1. Жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлеріне;
2. Мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне;
3. Бұқаралық спортқа;
4. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға.
Қабылданған тағы бір өте маңызды норма, федерациялардың аккредитиация алу тетігі өзгертілді. Сәйкесінше енді еліміздегі барлық спорттық федерациялар ұлттық спорт федерациясы болуы керек. Енді 1 спорт түрі бойынша 1 ұлттық спорт федерация ғана аккредиттеледі, - дейді Нартай Аралбайұлы.
Бұдан басқа, заң жобасында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жекелеген құзыретінен артық заңнамалық регламенттеу нормаларын алып тастау көзделеді. Туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, мақсаттары және міндеттері нақтыланды.
Заң жобасына енгізілген түзетулер:
- басым спорт түрлерінің қатарына ұлттық спорт түрлері енгізілді;
- аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларының аккредиттелген ұлттық спорт федерациясының мүшесі болу міндеті белгіленді;
- аккредиттелген ұлттық және жергілікті спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шаралар қабылдау міндеті бекітілді;
- «мемлекеттік дене шынықтыру – спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау» ұғымы енгізілді, сондай-ақ мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау институты енгізілді;
- саланың ерекшелігін ескере отырып, бірінші басшыларды мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарына лауазымды қызметке тағайындау мен қызметінен босату тәртібін регламенттеу бойынша құзыреттер белгіленді;
- уәкілеттті органға спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарға-колледждерге оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту бойынша құзырет берілді;
- бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның спорттық іс-шараларға баруға байланысты шығындарын өтеу бойынша заңнамалық талап белгіленді;
- спортпен шұғылдану және спорттық жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жасты бекіту жөніндегі нормалар қабылданды;
- дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға басым спорт түрлерінің республикалық тізбесін және басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесін әзірлеу және бекіту, оған қоса жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізбесін, сондай-ақ оларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібін айқындау бойынша құзырет берілді;
- дене шынықтыру және спорт субъектілері, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік мекемелер ұсынатын ақылы қызметтердің тізбесі нақтыланды.