Қазақстан СІМ басшысы Румынияға алғашқы ресми сапармен барды

13 Желтоқсан 2023, 11:25
408
Бөлісу:
Қазақстан СІМ басшысы Румынияға алғашқы ресми сапармен барды
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бухарестке екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келіп, Румынияның Сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан мен Румынияның сыртқы саяси ведомстволары басшылары кездесуінің негізгі тақырыптары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ негізгі өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу мәселелері болды.

Тараптар барлық деңгейдегі байланыстарды жандандыруға және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделілігін растады. Келіссөздер барысында Астана мен Бухаресттің ашық және сенімді диалогқа бейілділігі расталды. «Қазақстан Румынияның 1991 жылы біздің тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет болғанын жоғары бағалайды. Сіз Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақтағы біз үшін сенімді және маңызды серіктесіміз боласыз», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Л. Одобеску Қазақстан мен Румыния арасындағы өзара қарым-қатынастың жоғары деңгейін айтып, румын тарапының жан-жақты ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті. 

Біз осы оң динамиканы қолдауға, көлік және энергетика сияқты аса маңызды салалардағы қазақ-румын ынтымақтастығын тереңдетуін жалғастыруға дайынбыз, – деді румын министрі.

Екі елдің СІМ басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және цифрландыру салалары перспективті бағыттар ретінде белгіленді.

Өзара тиімді инвестициялық үйлестірудің жарқын үлгісі ретінде Румыниядағы Қазақстанның ең ірі шетелдік активі «ҚазМұнайГаз International» компаниясының қызметін айтуға болады. Бүгінгі таңда қазақстандық компания осы елдегі негізгі инвесторлардың бірі ретінде беделін сақтап, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

Румыния – Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі, Еуропада 5-ші және әлемде 12-ші орында тұр. 2022 жылы екіжақты сауда көлемі 2,7 млрд АҚШ долларын құраса, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында 2,3 млрд АҚШ долларына жетті. ҚМГ-ның Румыния активтеріне тікелей инвестициялары 4 млрд доллардан асты. Соңғы онжылдықта Румыния ҚР экономикасына 1,57 млрд доллар инвестиция салды. Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 37 компания тіркелген.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ – Орта дәліз) әлеуетін бірлесіп дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Осыған байланысты қазақстандық тарап біздің логистикалық инфрақұрылымдарымызды, соның ішінде Еуропа мен Азияны тиімді байланыстыратын Ақтау және Констанца теңіз порттарын интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті.

Сұхбаттастар мәдени-гуманитарлық алмасуды одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары білім, ғылым және мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Соңғы үш жылда еліміздің астаналарында ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Михай Эминескудің бюсттері, сондай-ақ «Бухарест» және «Қазақстан» скверлері салтанатты түрде ашылғанын атап өткен жөн.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі министрдің Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, сыртқы саяси зерттеу институттары мен дамуға ресми көмек агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы