Қазақстан шетелдік банк ашуға талаптарды жеңілдетпек

16 Қазан 2024, 11:08
840
Бөлісу:
Қазақстан шетелдік банк ашуға талаптарды жеңілдетпек
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова құжаттың негізгі мақсатын және қандай жеңілдік болатынын түсіндірді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты және «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыру мақсатында әзірленген.

Әбілқасымова заң жобасының бағыттарына тоқталды. Оның сөзінше, түзетулердің бірінші бөлігі Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері үшін рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойды.

Қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвесторлар үшін филиалды ашуы жөніндегі талаптар 2020 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі шеңберінде белгіленді. Қазіргі уақытта еншілес ұйымды немесе филиалды ашу үшін рұқсат беру процесі екі кезеңнен тұрады: біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу. Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсаталу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады, - деп айтты агенттік басшысы.

Құжаттардың саны шетелдік компанияның рейтингіне байланысты болады. Жалпы құжаттардың саны 24 құжаттан банктің рейтингіне қарай 17 құжатқа немесе 8 құжатқа дейін қысқартылады.

Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі.

Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады. Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылады, - деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте.

Басшы қызметкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру шеңберінде банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талап алып тасталады, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеру ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы