Қазақ даласында тылсым табиғатқа толы шұрайлы жерлер аз емес. Жер жанаты – Жетісудің аймағында орналасқан Айғайқұмды бірі білсе, енді бірі біле бермес. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі «әуезді ән салатын» әнші құмдар жайлы тоқталып өтпек.
Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықты жүріп, туристердің ордасына айналған жерге тап боласыз. Бұл жерден шетелдік туристерді көптеп кездестіруге болады. Айғайқұм Алтынемел ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Саябақта 1800-ден астам өсімдік түрі өседі, 56 жануар түрі мекендейді. Тіпті кейбірі Қызыл кітапқа енген. «Әнші құм» аталып кеткен жер Жетісу облысы Кербұлақ ауданы, Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан. Құмды төбе Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауын жағалаған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Айғайқұмның арқасында Басши ауылында табыс артып, туристік мекенге айналған.
Бұрындары бұл жерді көбі білмейтін. Соңғы жылдары келетін туристердің қатары артты. Бұл тұрғындар үшін табыс көзіне айналды. Қарап отырсақ, келушілердің көпшілігі – шетелдік азаматттар. Өз елімізден іздеп келетіндер шамалы. Егер Айғайқұмды жарнамалап, ел арасында кеңірек танытсақ, келушілер тіптен көбейер еді. Өздеріңіз де қараңыздаршы. Мына бөлігінде тау, ал мына бөлігінде – құм. Құмды төбеге шықсаң, мүлдем басқа сезімде боласың. Құмдар ән салғанда, бейнебір шөл далада жүргендей күй кешесің. Сол себептен қазақстандықтарды «әуезді ән салатын» әнші құмдарды көруге кеңес беремін, – дейді Басши ауылының тұрғыны Ерғалым.
Айғайқұмның биіктігі 150 метрдей, ұзындығы 8 км, ені 3 шақырымға дейін жетеді. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан тұратын төбеге айналған. Екі жақтан соққан желдің әсерінен қозғалысқа келген кезде, одан кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас әуезді дыбысты естуге болады. Шығыстан соққан желдің күші ұлғайған кезде, биіктігі 150 метрлік құм таудың басына қарай шоғырланады. Осы кезде реактивті ұшақтың гүріліне ұқсайтын дыбыс естіледі. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде болады екен.