Қазақстан Ресейдің Солтүстік-Батыс федералды округінің аймақтарымен ынтымақтастықты дамытуда

18 Қараша 2023, 13:25
570
Бөлісу:
Қазақстан Ресейдің Солтүстік-Батыс федералды округінің аймақтарымен ынтымақтастықты дамытуда
Фото: gov.kz

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Санкт-Петербург пен Новгород облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Солтүстік астананың губернаторы Александр Бегловпен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Өткен жылы Қазақстан мен Санкт-Петербург арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9,4 пайызға өсіп, 756,3 млн долларды құрады.

Қостанай трактор зауытында «Кировец» Санкт-Петербург тракторларының өндірісі табысты ынтымақтастықтың мысалы болып табылады. Санкт-Петербургтегі «Герофарм» компаниясы 2024 жылдың соңына дейін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің нысандарында инсулин өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 2024 жылы СанктПетербургтің Қазақстандағы мәдени-іскерлік миссиясы жоспарлануда.

Солтүстік астана ресейлік аймақтар арасында цифрландыру бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады және қалаларды дамыту бағдарламаларында жоғары технологияларды пайдалану тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Ынтымақтастықтың басқа да маңызды бағыттары білім беру саласын қамтиды. Қазақстан Санкт-Петербург ЖОО-да шетелдік студенттердің саны бойынша үшінші орында (3500 адамнан астам). Сапар барысында Д. Абаев ашық дәріс оқыған Санкт-Петербург мемлекеттік университеті қазақстандық студенттер саны бойынша (шамамен 600 адам) көшбасшы болып қала береді. Оның айтуынша, студенттер алмасуы мен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларының болашағы зор.

Өз кезегінде А. Беглов қазақстандық делегацияны қаңтарда қала қоршауының алынғанына 80 жыл толуына орай өтетін шараларға шақырды. Қорғаныс және қоршау мұражайында «Қазақстандықтар Ленинград үшін шайқастарда» шығармашылық кешін өткізу жоспарлануда.

Д. Абаев Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан өңірдің негізгі серіктесі болып табылады және тауар айналымы бойынша ТМД елдері арасында екінші орында. Қазақстандық инвесторлардың қатысуымен Тоснен ауданындағы М10 индустриалды паркінің аумағында сүт өңдеу зауыты салынады. Ленинград пен Жамбыл облыстары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім де жүзеге асырылуда.

Тараптар агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет, туризм, білім және жастар саясаты салаларындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге келісті.

Д. Абаев Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград облысында соғысқан қазақстандықтардың естелігін сақтап қалғаны үшін алғысын білдірді. Маусым айында Люговичи ауылында Қазақстанда жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясының 243-ші бөлек медициналық батальонының әскери дәрігерлері мен медбикелеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Новгород облысының губернаторы Андрей Никитинмен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың оң динамикасы атап өтілді. Атап айтқанда, облыс пен Ұлытау өңірі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылды. Сонымен бірге, өзара іс-қимыл әлеуеті әлі толық іске асырылмағаны, оны арттыруға мүмкіндіктердің мол екені баса айтылды. Осыған орай, тараптар өнеркәсіптік кооперация мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға өзара қызығушылық танытты.

Өзгелердің жаңалығы