Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы: Сауда өсімі экономикаға не берді?

Сауда көлемі артты, инвестиция көбейді. Бірақ Қазақстан бұл ынтымақтастықтан қанша ұтып отыр? Сарапшы маңызды тұстарды тарқатты.

 ©BAQ.KZ коллажы 23 Шілде 2026, 16:36
23 Шілде 2026, 16:36
154
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық байланыс сауда көлемін сақтап, инвестиция мен бірлескен жобалардың өсуіне ықпал етті. Қазақстан бұл ынтымақтастықтан қандай пайда көрді және екі ел арасындағы экономикалық қатынасты қалай тиімді етуге болады? BAQ.KZ тілшісінің сауалдарына экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Дінмұхаммед Ғали жауап берді.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ынтымақтастығы соңғы жылдары бірнеше кезеңнен өтті. 2022 жылы Батыс компанияларының Ресейден кетуі мен бұрынғы жеткізу арналарының бұзылуы екі ел арасындағы сауда ағынын қайта бағыттады. Қазақстанның шекаралас облыстарында тасымал, қойма және логистика қызметтеріне сұраныс артып, химия, металл және машина жасау өнімдерінің экспорты көбейді.

Екіжақты тауар айналымы 2021 жылғы 24,2 млрд доллардан 2022 жылы 28,2 млрд долларға жетті. Қазақстанның Ресейге экспорты 29,5%-ға өсіп, 9,1 млрд долларды құрады. Алайда Ресейден жеткізілген импорт шамамен 19 млрд доллар болғандықтан, сауда балансы 10 млрд долларға жуық теріс күйінде қалды.

2023 жылы кәсіпорындар жаңа жағдайға бейімделіп, ұлттық валюталармен есеп айырысуды кеңейте бастады. Балама жеткізу бағыттары қалыптасып, Ресейден көшкен компаниялардың бір бөлігі Қазақстанда жұмысын жалғастырды. 

Астана мен Алматыда басқару, қаржы және IT-қызметтер шоғырланса, өңірлерде өндірістік, сервистік және логистикалық жобалар пайда болды.

2024 жылы екіжақты сауда көлемі шамамен 28 млрд долларды құрады. Сарапшы келтірген мәлімет бойынша, Ресейден тартылған инвестиция 4 млрд долларға жуықтап, жалпы құны 26,2 млрд доллар болатын 135 бірлескен жоба аясында 28 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Дегенмен жобалардың бір бөлігі әлі келіссөз, қаржыландыру немесе құрылыс кезеңінде тұр.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың қаңтар-мамырындағы алдын ала мәліметі де сауда теңгерімсіздігінің сақталғанын көрсетеді. Қазақстан Ресейге 2,69 млрд доллардың тауарын экспорттап, одан 8,2 млрд доллардың өнімін импорттаған. Ресей Қазақстанның негізгі импорт серіктесі әрі экспорт бағыттарының бірі болып қала береді.

Жобалар санын нақты өндірістік нәтиже ретінде қабылдау дұрыс емес. Тауар айналымының өсуі импорт, баға өзгерісі, қайта бағытталған жеткізілімдер мен делдалдық операциялар есебінен де қалыптасуы мүмкін. Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастығының тиімділігі Қазақстан экономикасында қалған инвестиция, салық, тұрақты жұмыс орындары, жергілікті өндіріс және экспорттық мүмкіндік арқылы бағалануы тиіс, – дейді Дінмұхаммед Ғали.

Экономистің пікірінше, бірлескен жобаның шынайы пайдасын анықтау үшін кәсіпорынға салынған қаржының зауыт, жабдық және инженерлік инфрақұрылымға бағытталуына назар аудару қажет. Өнім құнындағы қазақстандық шикізат, еңбек пен компоненттердің үлесі, отандық шағын және орта бизнестің жеткізу тізбегіне қатысуы, инженерлер мен технологтарға арналған тұрақты жұмыс орындары да негізгі көрсеткіш болуы керек.

Қазақстан мен Ресей автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол жабдықтары, химия, металл өңдеу және мұнай-газ машина жасау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бірақ кәсіпорын санының көбеюі олардың барлығы терең жергіліктендірілгенін білдірмейді.
Кей жағдайда күрделі бөлшектер мен негізгі тораптар сырттан әкелініп, Қазақстанда дәнекерлеу, бояу немесе соңғы құрастыру жұмыстары ғана жүргізіледі. Мұндай кәсіпорындар жұмыс орны мен салық түсімін қамтамасыз еткенімен, елде қалатын қосылған құн төмен болады.

Бұған екі ел нарығының ауқымындағы айырмашылық та әсер етеді. Ресейдің өнеркәсіптік базасы, мемлекеттік тапсырысы және ішкі нарығы Қазақстаннан едәуір үлкен. Сондықтан ресейлік кәсіпорындар негізгі технологияны, күрделі компоненттерді және жоғары табыс әкелетін өндірістік кезеңдерді өз аумағында сақтауға мүдделі болуы мүмкін. Ал Қазақстан нарығы толық циклді өндірісті тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етуге әрдайым жеткіліксіз.

Негізгі мәселе жобалардың аздығында емес, өндірістік тізбектің күрделі және жоғары маржалы кезеңдерінің Қазақстанда толық қалыптаспауында. Егер елде тек соңғы құрастыру жүргізіліп, негізгі компоненттер мен технология сырттан келсе, жоба жұмыс орны мен салық бергенімен, импорттық және технологиялық тәуелділікті айтарлықтай төмендетпейді, – дейді профессор.

Толыққанды машина жасау өндірісі бір зауытпен шектелмейді. Оның айналасында металл бөлшектер, электроника, кабель, пластмасса, резеңке, құрал-сайман және бағдарламалық қамтамасыз ету өндіретін кәсіпорындар жүйесі болуы керек. Қазақстанда бұл компоненттердің біразы жеткілікті көлемде шығарылмайды.

Инвесторлардың конструкторлық құжаттаманы, бағдарламалық қамтамасыз етуді және зияткерлік меншік құқығын толық беруге мүдделі болмауы да технология трансферін тежейді. Бұған инженерлер, технологтар, конструкторлар мен автоматтандыру мамандарының тапшылығы, қымбат несие, валюталық тәуекел және импорттық жабдық бағасының құбылуы қосылады.

Сондықтан сарапшы мемлекеттік жеңілдіктер мен ұзақ мерзімді сатып алу келісімдерін нақты міндеттемелермен байланыстыруды ұсынады. Қолдау алған кәсіпорын жергілікті компоненттердің үлесін арттырып, қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеуге, инженерлік бөлім құруға және өнімін үшінші елдерге экспорттауға тиіс.

Шекаралас облыстардың байланысы қай деңгейде?

Қазақстанның Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары ірі нарыққа әрі қалыптасқан көлік желілеріне тікелей шыға алады. Алайда сарапшы бұл артықшылық толық пайдаланылмай отырғанын айтады.

Қазір шекара арқылы өтетін жүк көлемі артқанымен, оның айналасында өңдеу, сақтау, жөндеу, сұрыптау және қаптау қызметтері жеткілікті дамымаған. Соның салдарынан бірқатар өңір шикізат жеткізетін немесе импорттық тауар өтетін транзиттік аумақ ретінде қалып отыр.

Кейбір автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінің қуаты қазіргі жүк ағынына сәйкес келмейді. Бақылау жолақтарының аздығы, тексеру алаңдарының тарлығы және шекараның екі жағындағы бекеттер мүмкіндігінің әркелкі болуы кезек пен кідіріс туғызады. Шекараға апаратын облыстық жолдар, жүк тұрақтары мен айналма бағыттардың жағдайы да тасымал тиімділігіне әсер етеді.

Теміржол станцияларының қабылдау мүмкіндігі, контейнерлік терминалдар, кеден қоймалары, тоңазытқыш кешендер және зертханалық бақылау қызметтері де жүк көлемімен қатар дамуы керек. Мұндай инфрақұрылым болмаған жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдері өңделмей сатылып, қосылған құнның едәуір бөлігі басқа өңірде немесе басқа елде қалады.

Шекаралық саясат жол мен өткізу бекеттерін салумен ғана шектелмеуі тиіс. Солтүстік және шығыс өңірлерде халық санының азаюы, жастардың ірі қалаларға көшуі, инженерлер мен техникалық мамандардың тапшылығы да инвестиция тартуға кедергі келтіреді. Сондықтан тұрғын үй, білім, медицина және кәсіби даярлау мәселелерін бірге шешу қажет, – дейді экономист.

Оның пікірінше, шекаралас облыстарды экономикалық өсу орталығына айналдыру үшін өткізу пункттерін, жолды, теміржолды, қойманы, өндірістік аймақтарды және экспорттық сервисті бір жүйе ретінде дамыту керек.

Ресейге қарсы санкциялар екі елдің экономикалық байланысын тоқтатқан жоқ. Алайда төлемдер мен тасымалды қымбаттатып, бизнеске қойылатын құқықтық талаптарды күшейтті.

2022 жылдан кейін Ресей нарығынан кеткен компаниялардың орнын толтыру, жеткізілімдерді қайта бағыттау және делдалдық операциялар Қазақстан экспортының кейбір санаттарын өсірді. Бірақ бұл өсімнің бір бөлігі жаңа өндіріс емес, қайта экспорт есебінен қалыптасты. Санкциялық бақылау күшейген сайын тауардың шығу тегі, қозғалыс бағыты мен соңғы пайдаланушысы мұқият тексеріле бастады.

Ресей банктеріне қойылған шектеулер доллар және еуромен есеп айырысуды қиындатты. Соның нәтижесінде бизнес теңге, рубль және юаньды көбірек қолдана бастады. Бірақ ұлттық валюталарға көшу комиссияны, айырбастау шығыны мен бағамдық тәуекелді толық жоймайды.

Қазақстандық банктер төлемнің мақсатын, контрагентті, тауар кодын және соңғы алушыны тексеруге мәжбүр. Бұл кейде заңды операциялардың өзін кешіктіруі мүмкін. Ал санкцияны айналып өтуге көмектескен ұйым халықаралық төлем жүйесінен, инвестициядан, сақтандырудан және технологиядан айырылу қаупіне тап болады.

Қазақстан үшін басты қауіп – Ресеймен сауданың қысқаруы емес, екіншілік санкциялар салдарынан халықаралық қаржыға, инвестицияға, сақтандыруға және технологияға қолжетімділіктің шектелуі. Ең қауіпті нәтиже – жекелеген компанияның жабылуы емес, халықаралық қаржы жүйесінің қазақстандық контрагенттерге деген сенімінің төмендеуі, – дейді Дінмұхаммед Ғали.

Бұл қауіп теориялық деңгейде қалған жоқ. Еуропалық одақтың 2025 жылы қабылданған 19-санкциялар пакетінде Ресейдің қаржылық хабар алмасу жүйесін пайдаланған Беларусь пен Қазақстандағы төрт қаржы ұйымына транзакциялық шектеу енгізілді.

Экономист банктерде, экспорттаушы және логистикалық компанияларда санкциялық талаптарға сәйкестікті тексеретін бірыңғай жүйе қалыптасуы керек деп есептейді. Сонымен бірге Ақтау мен Құрық порттарын, Каспий флотын, теміржол желісі мен шекара инфрақұрылымын қатар дамыту қажет. Бұл Ресей арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс орны бар, технология ше?

Бірлескен жобалардың Қазақстанға әкелген пайдасы біркелкі емес. Сарандағы шина зауыты, Қостанайдағы KamLitKZ кәсіпорны және Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыш өндірісі нақты өндірістік операциялар қалыптасқан жобаларға жатады. Олар жұмыс орындарын ашып, импортты ішінара алмастыруға және жергілікті жеткізушілерді дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар негізгі тораптары сырттан әкелініп, Қазақстанда тек соңғы құрастыру жүргізілетін кәсіпорындар да бар. Мұндай жобаларда қозғалтқыш, электроника, бағдарламалық басқару жүйесі және басқа күрделі компоненттер импортталады.

«Қазақстанда жасалған» деген белгіден гөрі, өнімнің қандай бөлігі ел ішінде өндірілгені маңызды. Жабдықты Қазақстанға әкелу өздігінен технология трансфері болып саналмайды. Егер оны басқару, жаңарту және өнім конструкциясын өзгерту құқығы сыртқы серіктесте қалса, технологиялық тәуелділік сақталады, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, Қазақстан дайын өнім сатылатын нарық немесе қарапайым құрастыру алаңы болып қалмауы керек. Толыққанды технологиялық әріптестік үшін елде негізгі компоненттер өндіріліп, инженерлік және зертханалық бөлімдер жұмыс істеуі қажет. Қазақстандық мамандар өнімді әзірлеуге қатысып, дайын тауар үшінші елдерге шығарылғанда ғана жобаның ұзақ мерзімді пайдасы артады.

Компаниялардың көшуі қандай нәтиже берді?

2022 жылдан кейін Қазақстан Ресейдегі қызметін қысқартқан немесе басқа юрисдикцияға көшкен компаниялар үшін негізгі бағыттардың біріне айналды. Бұған ЕАЭО-ның ортақ нарығы, халықаралық төлем жүйелеріне қолжетімділік, Орталық Азия елдеріне жақындық және салыстырмалы тұрақты іскерлік орта ықпал етті.

Релокация салық базасын кеңейтіп, банк, заң, бухгалтерлік есеп, консалтинг және басқа кәсіби қызметтерге сұранысты арттырды. IT, электрондық сауда, логистика және қаржы салаларында жұмыс орындары пайда болды. Астана мен Алматының өңірлік басқару және цифрлық қызмет орталығы ретіндегі рөлі күшейді.

Ал өңірлерге негізінен өндіріс, құрастыру, қойма және сервистік операциялар орналасты. Қостанай мен Солтүстік Қазақстанда машина жасау, Қарағандыда өндіріс пен логистика, Павлодарда металлургия және теміржол машина жасау, батыс облыстарда мұнай-газ сервисі дамыды.
Дегенмен тіркелген компаниялардың барлығы нақты жұмыс істеп отырған жоқ. Сарапшы келтірген дерек бойынша, 2024 жылғы желтоқсанда Ресейге қатысы бар 23,4 мың ұйым тіркеліп, оның 19 мыңға жуығы жұмыс істеген. 2026 жылғы маусымда олардың саны тиісінше 22,6 мың және 17,1 мыңға дейін төмендеген. Бұл кәсіпорындардың бір бөлігі қызметін тоқтатқанын немесе Қазақстанды уақытша алаң ретінде пайдаланғанын көрсетеді.

Кейбір компаниялар Қазақстанға басқару, технология немесе өндіріс функцияларын әкелді. Басқалары заңды тұлға, сауда кеңсесі немесе төлем-логистикалық құрылым ашумен шектелді. Сондықтан тіркелген компания санын толық өндірістік релокация деп қабылдауға болмайды, – дейді экономист.

Маркетплейстердің ықпалы да екіжақты. Олар логистика мен электрондық сауданы дамытып, қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа нарық ұсынады. Бірақ платформалар арқылы негізінен дайын импорт келсе, отандық өндірушілерге қысым күшейеді. Бұған қоса, шағын бизнестің бір платформаға, шетелдік қоймаға немесе жалғыз өткізу нарығына тәуелді болуы қосымша қауіп тудырады.

Қазақстан өз мүддесін қалай күшейте алады?

Алдағы үш-бес жылда көлік-логистика, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және цифрлық сауда екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болып қала береді.

Қазақстан Ресей үшін Қытайға, Орталық Азияға, Каспийге және оңтүстік нарықтарға шығатын маңызды дәліз саналады. Бірақ ел тек транзиттік тариф алумен шектелмеуі керек. Маршруттар бойында қойма, жөндеу, контейнерлік сервис, қайта тиеу, сұрыптау, қаптау, сақтандыру және цифрлық бақылау қызметтерін дамыту қажет.

Энергетикадағы бірлескен жобалар электр және жылу тапшылығын азайтып, құрылыс пен кадр даярлауға серпін бере алады. Сонымен бірге ұзақ мерзімді қаржылық және технологиялық тәуелділік қаупін күшейтеді. Сондықтан мұндай келісімдерде стратегиялық бақылау, жергілікті қамту, тариф пен қарыз шарттарының ашықтығы, қауіпсіздік және жеткізушілерді әртараптандыру талаптары болуы керек.

Ауыл шаруашылығында астық пен майлы дақылдарды шикізат күйінде сатудан гөрі, крахмал, глютен, өсімдік майы, дайын ет-сүт өнімдері мен мал азығын шығару тиімді. Ал өнеркәсіпте дайын техниканы құрастырумен шектелмей, металл бөлшектер, сорғы-компрессорлар, кабель, аккумулятор, шина, теміржол компоненттері мен автоматтандыру жүйелерін Қазақстанда өндіруге басымдық берілгені жөн.

Басты міндет – Ресеймен байланысты әлсірету емес, оның құрылымын Қазақстан үшін теңгерімді әрі өндірістік тұрғыдан тиімді ету. Қазақстан нарығына қолжетімділік елдегі инвестиция, өндіріс, жергілікті жеткізушілер және технологиялық міндеттемелермен қатар жүруі тиіс, – деп қорытындылады Дінмұхаммед Ғали.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан Ресеймен экономикалық байланысын сақтай отырып, Қытай, Еуропа одағы, Орталық Азия, Түркия, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс бағыттарын қатар дамытуы керек. Бұл бір нарыққа, бір валютаға, бір технологияға немесе жалғыз транзиттік бағытқа шамадан тыс тәуелді болмауға мүмкіндік береді.

Наверх