Қазақстанның конституциялық реформасы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Вашингтондағы S&P, Moody's және Fitch рейтингтік агенттіктері үлкен үштігі өкілдерімен кездесуінің негізгі тақырыбының біріне айналды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықаралық рейтингтік агенттіктермен жыл сайынғы консультациялар аясында елдің макроэкономикалық жағдайы мен несиелік рейтингке әсер ететін факторларды талқылады.
Көктемгі сессия барысында конституциялық реформалармен қатар инфляция, халық табысының өсімі және сыртқы тұрақсыздық жағдайындағы экономикалық даму мәселелері көтерілді.
Жұманғариннің айтуынша, экономиканың тұрақты дамуы үшін ең бастысы – тиімді институттар, болжамдылық пен сенім. Бұл қағидаттар еліміздің жаңартылған Конституциясында бекітілген. Сонымен қатар білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалған.
Экономика өсімі мен құрылымдық өзгерістер
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті. 2026 жылы өсім 5-5,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Ал биылғы бірінші тоқсанда мұнай секторындағы уақытша факторларды есептемегенде 3% өсім тіркелді.
Соңғы жылдары экономиканың құрылымы да өзгеріп келеді. Мәселен, ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібі керісінше өсіп, ЖІӨ-нің 12,7%-ына жетті.
Үкіметтің жаңа экономикалық саясаты әртараптандыру мен цифрландыруға бағытталған. Басым салалар қатарында мұнай-газ, химия, агроөнеркәсіп, фармацевтика, жасанды интеллект және металлургия бар.
Инфляция және бюджет саясаты
Инфляция төмендеу үрдісін көрсетіп отыр: 2025 жылғы 12,3%-дан биылғы бірінші тоқсанда 11%-ға дейін бәсеңдеді. Жыл соңына қарай 10%-дан төмен болады деген болжам бар.
Бюджетті тұрақтандыру мақсатында Ұлттық қордан бөлінетін қаражат қысқартылып жатыр. 2026 жылы соңғы жылдары алғаш рет нысаналы трансферттен бас тарту шешімі қабылданды.
Сондай-ақ Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі арасында үйлестіру күшейтілді. 2026–2028 жылдарға арналған бағдарлама жыл сайын кемінде 5% экономикалық өсімге қол жеткізуді көздейді.
Ауыл шаруашылығы және импорт тәуелділігі
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы да талқыланды. Қазақстанда минералды тыңайтқыш өндіретін 27 кәсіпорын бар, олардың қатарында ҚазАзот пен Қазфосфат сияқты ірі өндіріс орындары бар.
Қазіргі таңда ішкі өндіріс тыңайтқышқа деген сұраныстың шамамен 56%-ын қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылда тыңайтқыш қолдану көлемі 600 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін артқан. Биыл бұл көрсеткішті 2,3 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Халықаралық рейтинг агенттіктері экономиканың өсімі жағдайында инфляцияны бақылау мен халық табысын арттыру арасындағы тепе-теңдікті сақтау негізгі міндет екенін атап өтті.
Қазақстан үшін басты мақсат – тұрақты өсім мен халықтың нақты табысын қатар қамтамасыз ету.