Қазақстан-Қытай: Екіжақты сауда көлемі 25 млрд доллардан асты

23 Қыркүйек 2023, 11:32
939
Бөлісу:
Қазақстан-Қытай: Екіжақты сауда көлемі 25 млрд доллардан асты
Фото: автордан

Қазақстандағы Қытай елшілігінде ҚХР-дің құрылғанына 74 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараның ашылуында Ұлттық ұлан оркестрі екі елдің Әнұранын орындады.

Салтанатты жиынға Үкімет мүшелері, елшілер, дипломаттар қатысты.

Кеште сөз алған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо қонақтарға жылы лебізін білдірді.

74 жылдан бері Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен Қытай халқы бірлесе күресіп, күш-жігерлерін шыңдап, бүкіл жетістіктерге қол жеткізді. Кедейшілік пен сауатсыздықтан бас көтере алмаған Қытай мемлекеті көзді ашып-жұмғанша әлемдегі екінші экономикалы, қауқарлы елге, тауар мен сауда-саттық, валюта резервтері бойынша бірінші елге және бірінші өндіруші елге айналды. Қытайда 100 миллионға жуық кедей ауыл тұрғыны кедейліктен құтылды, - деп айтты елші.

Дипломат биыл «Бір белдеу, бір жол» бастамасының он жылдығы екенін атап өтті. Чжан Сяо айтқандай, 2013 жылдың қыркүйегінде Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп салу бастамасын көтерген болатын. Осыдан кейін «Бір белдеу, бір жол» әлемге таныла бастады. 

Бүгінгі таңда Қытай 152 елмен және 32 халықаралық ұйыммен «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастық туралы 200-ден астам құжатқа қол қойды, бұл дегеніміз әлемнің үштен екі бөлігі. Қытай мен «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдер арасындағы саудадағы тауарлардың импорты мен экспортының орташа жылдық өсімі 8,6%. Азия мен Еуропаны кесіп өтетін Қытай - Еуропа пойыздардың 84 жұмыс бағыты бар. Бұл Еуропаның 25 еліндегі 211 қалаға жетеді және халықаралық жеткізу тізбегінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады, - деді Қытай елшісі. Қытайлық компаниялар тиісті елдерде 421 000 жергілікті жұмыс орындарын құрды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, «Бір белдеу, Бір жол» шеңберінде барлық тиісті көлік жобаларын жүзеге асыру барысында 2030 жылға қарай 7,6 миллион адамды қатты кедейліктен және 32 миллион адамды орташа кедейліктен шығарады деп күтіліп отыр, - деді ол.

Чжан Сяо атап өткендей, қазан айында Қытай Бейжіңде үшінші «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жоғары деңгейдегі халықаралық ынтымақтастық форумын өткізеді. Қытай осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрамында Қазақстан бар достас барлық мемлекеттермен бірге «Бір белдеу, Бір жол» жоғары сапалы ортақ құрылыстың жүргізілуін жалғастырып, оны бейбітшілік, достық пен гүлдену жолына айналдыруға дайын.

Қытай мен Қазақстан - мемлекеттік қатынастардың жаңа түрін қалыптастырған жол салушы. Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаев белгілеген Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты және жан-жақты стратегиялық әріптестік әлемдегі қатынастардың бірегейлігін білдіреді. Былтырдың қыркүйек және биылғы жылдың мамыр айларында төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаев тағы да сапарларымен алмасты. Мемлекет басшыларының стратегиялық көшбасшылығы Қытай-Қазақстан қатынастарының жоғары деңгейде орнықты дамуы үшін іргелі кепілдік және ең үлкен артықшылыққа айналды, - деп атап өтті елші жиында.

Оның сөзінше, биылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 25,23 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 24,7%-ға өсті. 220 қазақстандық компания Alibaba халықаралық электрондық коммерция платформасында тіркеліп, оның жиынтық сатылымы 225 миллион АҚШ долларын құрады. 

Ал жоғары сапалы қазақстандық өнім Қытайдағы жүз мыңдаған тұтынушылардың қолданысына еніп кетті. Қытайдың жаңа энергетикалық көліктері Қазақстан нарығына шығуын жалғастыруда. Қытай қаржыландыратын кәсіпорындар Қазақстанда Жаңатас, Ақмола облысы және Шелек сынды мекендерде жел энергетикасы саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асырды. Визасыз режим туралы Қытай-Қазақстан келісімінің күшіне енуімен және келесі жылы Қытайда Қазақстан туризм жылының өтуімен екі ел арасында адамдар мен мәдени алмасулар жаңа деңгейге шығады, - деп айтты Қытай елшісі.

Елші Чжан Сяо атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа «алтын отыз жылдығы» басталды.

Сонымен қатар салтанатты жиынға қатысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қытайлықтарды Үкіметтің атынан республика күнімен құттықтады. Ол бұл мереке ұлы тарихы, бай дәстүрі және орасан зор әлеуеті бар Қытайдың жалпы ұлттық бірлігін бейнелейтінін атап өтті.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Қытаймен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықта шынайы стратегиялық қарым-қатынас орната алды деп сеніммен айта аламын. Қазақстан мен Қытайды ортақ шекара ғана емес, бай мәдени-тарихи байланыстар біріктіреді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 31 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді, - деді Скляр.

Вице-премьер атап өткендей, бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі мәртебесіне ие. Соңғы бір жылда екіжақты тауар айналымы 34,5 пайызға өсіп, 24,2 миллиард доллардан асты.

Екі мемлекеттің даму стратегиялары үйлестіріліп, индустриялық және инвестициялық даму саласындағы бірлескен жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып келе жатыр. Қытай Қазақстандағы ең ірі инвесторлар бестігіндегі өз орнын сенімді түрде сақтауды жалғастырып келеді. Бүгін мемлекеттеріміздің басшылары жариялаған «жаңа алтын 30 жылдық» мерейтойының басталуымен екіжақты қарым-қатынастарды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыту үшін алдымызда жаңа жарқын көкжиектер ашылып жатқанын сеніммен айта аламыз, - деп сөзін қорытындылады Роман Скляр.

Өзгелердің жаңалығы