Қазақстан құрамасы Жауынгерлік өнер ойындарында бес жүлдеге қол жеткізді

25 Қазан 2023, 11:44
644
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы Жауынгерлік өнер ойындарында бес жүлдеге қол жеткізді
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында грэпплингтен үздік спортшылар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық құрама сапында ел намысын 10 спортшы қорғап, бір алтын, бір күміс пен үш қола медаль жеңіп алды.

Грэпплингтің ги санатында Сәрсен Жетібаев (71 келі) финалда өзбекстандық Ферузбек Уроковты айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. Сәрсен - Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында грэпплингтен чемпион атанған тұңғыш қазақ.

Рақмет! Өте қуаныштымын. Бұл қарсыласпен алғаш рет күш сынастым. Ол туралы Ташкенттегі жарыста естіп, жекпе-жектерін көріп шықтық. Тек оған емес, әр қарсыласқа дайындалдық. Шүкір, соның арқасында ұттық, - деді Сәрсен Жетібаев финалдан кейін.

Ал ақтық айқасқа шыққан тағы бір отандасымыз Нұрбек Талбудин (84 келі) өзбекстандық Ұлықбек Рахмоновқа есе жіберіп, күміс медаль жеңді.

Мен үшін қиын қарсыластың бірі. Алдында Ташкенттегі турнирде де есем кеткен. Соған қарамастан, бүгін өте тартысты жекпе-жекте болды. Бір ғана қателік алтынның тағдырын шешіп кетті. Биылғы халықаралық жарыстар біз үшін аяқталды. Алда ел чемпионаты қалды. Сонда өз салмағым - 71 келіде сынға түсемін, - деді Нұрбек марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.

Сондай-ақ қола медаль үшін белдесуде Ысмағұлова испаниялық (58 келі), Фариза Құлынтай америкалық (64 келі) мен Шынар Өзбекова италиялық (71 келі) қарсыластан басым түсті. Ал Ботакөз Елдосқызы (53 келі) бен Рамазан Құсайыновқа (92 келі) сәттілік жетіспеді. Айкөркем Ихсанова (90 келі) мен Бақдәулет Абызов (100 келі) жарысты ерте аяқтады.

Айта кетейік, Ұлттық құрама спортшылары осы ойындардың жолдамасын былтыр Понтаведрадағы әлем чемпионаты (алғашқы төрттік) мен биыл көктемде Ташкенттегі лицензиялық турнирде (қалған төрттік) алды.

Қазір Қазақстан құрамасының жалпы есепте екі алтын, төрт күміс және сегіз қола медальмен 8-орында тұр. Көш басында - Украина. Жалпы Ар-Риядқа келген 80 мемлекеттің 65-і жүлдеге қол жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы