Қазақстан Қатармен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытпақ

6 Желтоқсан 2023, 10:26
392
Бөлісу:
Қазақстан Қатармен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытпақ
Фото: Скрин

Бүгін Мәжіліс осы мәселеге қатысты заң жобасын жалпы отырыста қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Назира Нұрбаева «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын депутаттарға таныстырды.

Ол бүгінгі геосаяси және геоэкономикалық жағдайларда шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі әлемдік аренада кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы үшін ең өзекті мәселелердің бірі екеніне назар аударды.

Назира Нұрбаеваның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің тұрақты байланыстары Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары серпінін қамтамасыз етіп жатыр.

Елдер арасындағы экономикалық қатынастардың айтарлықтай нығаюын ескере отырып, екі елдің инвесторларын қорғау және қолдау мақсатында ҚР Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасалды. Бұл келісім Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартты қағидарлары және Дүниежүзілік Банктің ұсыныстары негізінде жасалды, - дейді СІМ өкілі.

Келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруды көздейді.

Сонымен қатар өтемақы төлеуді қамтамасыз ету арқылы экспроприациядан қорғауды, халықаралық арбитражға қол жеткізу және инвестицияларға қатысты елдердің әділ және тең қатысын қамтамасыз етеді. Оған қоса келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, - деп түсіндірді Назира Нұрбаева Мәжілісте.

Айтуынша, келісім ратификацияланған жағдайда оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Өзгелердің жаңалығы