Қазақстан Қашаған операторын қылмыстық жауапкершілікке тартатынын ескертті

Әділет министрлігі консорциумға берешекті өз еркімен өтеуді ұсынды.

22 Шілде 2026, 13:24
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 22 Шілде 2026, 13:24
22 Шілде 2026, 13:24
126
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан «North Caspian Operating Company» (NCOC) басқарушы директоры Джанкарло Руиуға 5 миллиард долларға жуық экологиялық айыппұлды төлеу туралы сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін ықтимал әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, Әділет министрлігі консорциум басшысына сот шешімін орындамағаны үшін жауапкершілік туралы ресми ескерту жіберген.

2,3 триллион теңге (шамамен 4,92 миллиард доллар) көлеміндегі айыппұл 2023 жылы Қашаған кен орнында күкіртті сақтау лимиттерін асырғаны үшін тағайындалған болатын. NCOC бұл шешіммен келіспей, талқылау аяқталғанға дейін өндіріп алу жүзеге асырылмайтынын айтып, оны халықаралық арбитражда даулауда.

Қазақстанның ұстанымы

Өткен аптада Әділет министрлігі консорциумға берешекті өз еркімен өтеуді ұсынды. Кері жағдайда билік мәжбүрлеп өндіріп алуды бастауға, сондай-ақ соманың 10%-ы мөлшерінде – бұл шамамен 230 миллиард теңге қосымша айыппұл салуға ниетті.

Қашаған – елдегі ең ірі мұнай жобаларының бірі және тәулігіне 430-450 мың баррель мұнай өндіруді қамтамасыз етеді.

«ҚазМұнайГаз» ұстанымы

NCOC консорциумының құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» кіреді.

«Bloomberg» хабарлағандай, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қашаған кен орнын игеруге байланысты салынған 5 миллиард доллар көлеміндегі даулы экологиялық айыппұлдың өзіне тиесілі үлесін төлеуге ниетті.

Агенттіктің жағдаймен таныс дереккөздерінің мәліметінше, мемлекеттік мұнай-газ компаниясы жоба бойынша шетелдік серіктестердің ұстанымынан өзгеше шешім қабылдаған.

Консорциумға кіретін Shell және Exxon Mobil компаниялары экологиялық заңнаманы бұзбағандарын мәлімдеп, салынған айыппұлды халықаралық арбитраждық инстанцияларда даулауды жалғастыруда.

«Bloomberg» мәліметінше, «ҚазМұнайГаздың» бұл шешімі жоба қатысушыларының дауды реттеуге қатысты тәсілдерінің алшақтағанын білдіруі мүмкін.

Қазақстанның Әділет министрлігі, NCOC және Джанкарло Руиу «Reuters» агенттігінің ресми сауалына жауап бермеді.

Айта кетейік, бұған дейін Экология министрлігі NCOC компаниясына қатысты арыздың мән-жайын түсіндірген болатын

Наверх