Қазақстанда қант өндірісі күрт төмендеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қант шығару көлемі 9,5 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8 есе азайған. Ішкі өндірістің төмендеуі аясында ел нарығы импорттық жеткізілімдерге бұрынғыдан да тәуелді бола түсті.
Бұл туралы ақпаратты finprom.kz жазды.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар–наурыз айларында қазақстандық қант зауыттары 9,5 мың тонна өнім өндірген. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 64,6 мың тоннаны құраған.
Соның салдарынан ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 28,2%-дан 7,1%-ға дейін төмендеді. Керісінше, импорттың үлесі 92,9%-ға дейін өсті.
Өндірістің қысқаруы ішкі сұраныс пен экспорт көлемінің төмендеуімен қатар жүріп отыр. Бірінші тоқсанда ішкі нарықта қант сату көлемі 30,5%-ға азайып, 104,6 мың тоннаны құрады. Ал шетелге жөнелтілген қант көлемі 2,6 есеге қысқарды.
Соған қарамастан, елден экспортталған қант көлемі 30 мың тоннадан асып, қазіргі ішкі өндіріс көлемінен үш еседен де көп болды.
Мамандардың пікірінше, қалыптасқан жағдай Қазақстанның сыртқы жеткізушілерге тәуелділігін күшейтіп, орта мерзімді кезеңде азық-түлік қауіпсіздігіне қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін.
Соңғы жылдардағы статистика саладағы тұрақсыздықтың жоғары деңгейін көрсетеді. 2020 жылы өндіріс көлемі ең төменгі көрсеткіш — 139,5 мың тоннаға дейін түскеннен кейін біртіндеп өсіп, 2022 жылы рекордтық 281,8 мың тоннаға жеткен. Кейін қайта құлдырау кезеңі басталғанымен, 2025 жылдың қорытындысында өндіріс көлемі 174,2 мың тоннаға жетіп, аздаған өсім тіркелді.
Ішкі өндірістегі тұрақсыздық аясында импорт қант нарығындағы басым орнын сақтап қалды. Мұны өнеркәсіптік өндіріс индексінің көрсеткіштері де дәлелдейді. 2020 жылы көрсеткіш 69%-ға дейін төмендесе, 2021 жылы 188%-ға дейін өскен. Алайда 2023 жылы қайтадан 80%-ға құлдырады. Ал өткен жылдың қорытындысында индекс 112,5%-ды құрады.
Саладағы тұрақсыздықты қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысы да көрсетеді. «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтарында елімізде бес қант зауыты жұмыс істеген. Мамыр–маусым айларында олардың саны үшке дейін қысқарса, тамыз және қыркүйекте бір ғана кәсіпорын жұмыс істеген. Тек қазан айынан бастап жұмыс істеп тұрған зауыттар саны қайтадан төртке жеткен.