Қазақстан қанша мемлекетпен екіжақты келісімшарт жасасқан

6 Желтоқсан 2023, 10:44
736
Бөлісу:
Қазақстан қанша мемлекетпен екіжақты келісімшарт жасасқан
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Назира Нұрбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Қазақстан инвестицияға тартымды мемлекет екенін айтып, Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастық мәселесінің талқыланып отырғаны оған дәлел екенін атап өтті.

Бізде қанша мемлекетпен осындай келісімшарттар жасалды? Бұл келісімшарттар қаншалықты жұмыс істеп жатыр? Алда қандай жоспарлар бар? Мұндай келісімшарттар елімізге қандай нәтиже берді? Бұл келісімдер қағаз жүзінде қалып қоймай ма? – деп сұрады депутат СІМ басшылығынан.

Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Назира Нұрбаева Қазақстанның екіжақты келісімінің саны 49 екенін айтты.

Қазір Қазақстанның осындай екіжақты 49 инвестициялық келісімі бар. Осы келісімдер негізінде инвестициялық ахуалды көтеріп, инвестицияның Қазақстанға келуіне көп әсері бар. 49 келісімнен басқа биылдың соңына дейін Сауд Арабиясы Корольдігімен келісімге қол қою жоспарланып отыр. Оған қоса Италиямен осындай келісімді мемлекеттік органдар ішкі мемлекеттік рәсімдерден өткізіп жатыр. Түрікменстанмен де келісімнің мәтінін келістіріп, оларға нота жібердік. Енді жауап күтіп отырмыз, - деді Нұрбаева Мәжілісте.

Айтуынша, Қазақстан инвестицияларды тарту жағынан Орталық Азияда 1-орында (61%). Былтыр инвестиция көлемі 28 млрд долларға жеткен.

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарағанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы