Қазақстан қандастарды белгілі өңірлерге жібермек пе? – Депутат даулы өзгерісті көтерді

Депутат Мұрат Әбеновтің сөзінше, көші-қон саясатын жүйелеу қажет болғанымен, жаңа бастамалар халық арасында түрлі пікір тудырып отыр.

Бүгiн 2026, 12:13
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:13
Бүгiн 2026, 12:13
193
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мәжілістің жалпы отырысында қандастарды қоныстандыру тәртібі мен оларға қойылатын жаңа талаптарға қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Мұрат Әбенов мемлекетте жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаларға байланысты қоғамда түсінбеушілік туындағанын айтып, қандастарға қатысты өзгерістерге алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, көші-қон саясатын жүйелеу қажет болғанымен, жаңа бастамалар халық арасында түрлі пікір тудырып отыр.

Әрине, мен бұл заң жобасын қолдаймын. Он екі жыл бұрын біз “Серпін” жобасын бастадық. Оңтүстіктің жастарын солтүстік өңірлерге оқуға жіберіп, техникалық мамандықтарға бейімдедік. Бұл өз нәтижесін берді. Осындай жүйелі тәсілді заң деңгейінде бекіту дұрыс деп санаймын, – деді депутат.

Сонымен қатар ол сыртқы миграция мен қандастарға қатысты енгізілетін өзгерістердің нақты тетіктеріне қатысты сұрақтар бар екенін жеткізді.

Соңғы бір айда маған шамамен он шақты хат келді. Қоғамда түсінбеушілік бар. Пилоттық жоба 1 қаңтардан бастап енгізіледі дейді. Бұрын қандастар кез келген өңірді өздері таңдайтын, енді тек белгілі аймақтарға ғана жіберіледі деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты дұрыс? – деді Мұрат Әбенов.

Депутат сондай-ақ қандастарға қатысты Қазтест талаптарының енгізілуіне де тоқталды. Оның айтуынша, шетелден келген этникалық қазақтардың кирилл әліпбиін меңгеру деңгейі әртүрлі, ал заңда бұл талап нақты көрсетілмеген.

Қандастарға қатысты Қазтест енгізілген. Бірақ олардың кирилл әліпбиін меңгеру деңгейі әртүрлі. Бұл заңда нақты көрсетілмеген талап. Сол себепті бұл мәселе түсініксіз, – деді ол.

Бұдан бөлек, депутат қандас мәртебесінің мерзіміне қатысты мәселені де көтерді.

Қандас мәртебесінің мерзімі бір жылдан бес жылға ұзартылды деген ақпарат бар. Бұл өзгеріс заңмен бекітілді ме, әлде тек әкімшілік деңгейдегі шешім бе? – деп нақтылады депутат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев көтерілген сұрақтарға жауап беріп, пилоттық жобаның негізгі мақсаты елдің экономикалық және демографиялық мүдделерін ескеру екенін айтты.

Сыртқы миграцияға қатысты шаралар – пилоттық жоба. Оның мақсаты еліміздің экономикалық және демографиялық мүдделерін ескеру, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, мемлекет қандастар мен өзге шетел азаматтарын бөліп-жармайды.

Қандас болсын, басқа шетел азаматы болсын — егер адам Қазақстанда тұрып, өз өмірін осы елмен байланыстырғысы келсе, мемлекет азаматтық алу процесінде көмектеседі, – деді ол.

Сонымен қатар еңбек миграциясын реттеу үшін азаматтарды сұраныс жоғары өңірлерге бағыттау тетігі қарастырылып отырғанын айтты.

Егер келу мақсаты уақытша еңбек ету болса, біз оларды сұраныс жоғары өңірлерге бағыттауды қарастырамыз. Бұл — еңбек нарығындағы қажеттілікке байланысты, – деді Ербол Тұяқбаев.

Вице-министрдің айтуынша, базалық деңгейдегі тіл білу талабы халықаралық тәжірибеге сәйкес енгізіліп отыр.

Бұл – дүкенде, қызмет көрсету саласында қарапайым коммуникация жасау үшін қажет талап. Халықаралық тәжірибеде де мұндай нормалар бар, – деді ол.

Ресми мәліметке сәйкес, тест тапсырушылардың басым бөлігі талаптан сәтті өтуде. Сондай-ақ жаңа жүйе қандастарға да, өзге үміткерлерге де бірдей қолданылатыны айтылды.

Еске салсақ, бұған дейін қандастар жұмысқа орналасуға міндетті екені айтылған еді.

Наверх