Қазақстан қалаларында тұрғындарды не алаңдатады? Зерттеу нәтижесі жарияланды

 6 Қараша 2026, 14:33
6 Қараша 2026, 14:33
122

Қазақстан қалаларында әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне тұрғындардың басым бөлігі оң баға бергенімен, экология, жол сапасы, коммуналдық шығындар және құрылыс тығыздығы әлі де өзекті мәселелер қатарында. Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын талқылау кезінде айтты. Ол кездесуде қалалық ортаға қатысты әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін таныстырды.

Спикердің айтуынша, зерттеулер 2022–2026 жылдар аралығындағы ҚИОР-дың тоқсан сайынғы мониторингіне және еліміздің 60 қаласында екі мың респондентті қамтыған қалалық орта жөніндегі зерттеуге негізделген.

2026 жылғы соңғы деректер бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 78,2 пайызы мектептердің, 73,3 пайызы балабақшалардың, 69,5 пайызы медициналық мекемелердің қолжетімділігіне қанағаттанған. Жұлдызай Ысқақова бұл көрсеткіштер мониторингке қатысушылардың басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды оң бағалайтынын көрсететінін айтты.

Жол сапасына қатысты көрсеткіште де оң өзгеріс байқалады. 2022 жылдан 2026 жылға дейін жолдардың сапасына қанағаттанатын азаматтардың үлесі 40,1 пайыздан 57,8 пайызға дейін өскен. Өсім 17,7 пайыздық тармақты құраған.

«Бұл – күнделікті өмірде анық сезілетін өзгеріс. Жолдың сапасы адамның жұмысқа баруына, баланың мектепке жетуіне, автобустың уақытылы келуіне және көршілес елді мекенге қатынау мүмкіндігіне әсер етеді. Адамдар инфрақұрылым саясатының нәтижесін осындай өзгерістер арқылы бағалайды», – деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жағдайларға қанағаттанатындардың үлесі де артқан. Бұл көрсеткіш 42,5 пайыздан 56,1 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар спорт кешендері мен мәдениет мекемелеріне қанағаттану деңгейінде де оң өзгеріс бар. Мұндай нысандар тұрғындардың араласуына, ортақ қызығушылық қалыптастыруына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Ал 2024 жылы жүргізілген «Әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту мақсатында қалалық ортаны дамыту» зерттеуінде қатысушылардың 53 пайызы соңғы екі-үш жылда өз қаласы жақсы жаққа өзгергенін айтқан.

Дегенмен тұрғындардың сұранысы тек инфрақұрылымның қолжетімділігімен шектелмейді. Зерттеуге қатысқандардың 46,2 пайызы экологиялық мәселелерді атаған. Одан кейін жолдар, коммуналдық шығындар және абаттандыру мәселелері көрсетілген.

Жұлдызай Ысқақова қалалардың түріне қарай тұрғындарды алаңдататын мәселелер де әртүрлі болатынын атап өтті. Ірі қалаларда баспана құны мен тығыз құрылыс мәселесі көбірек байқалса, шағын қалаларда жол, абаттандыру, жұмыспен қамту және бос уақытты өткізу мүмкіндіктері маңызды.

Зерттеуде нүктелік немесе тығыз құрылысқа қатысты тұрғындардың пікірі де қамтылған. Сауалнамаға қатысқандардың 36,3 пайызы қаладағы тығыз құрылыс мәселесін, ал 21,5 пайызы бұл проблеманы тікелей өз ауданында бар екенін айтқан.

«Тұрғындар үшін жаңа үйдің салынуы – жаңа көршілердің, көліктердің пайда болуы және әлеуметтік нысандарға түсетін қосымша жүктеме деген сөз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын мектептермен, емханалармен, көлік жүйесімен, жасыл аймақтармен және демалыс орындарымен қатар жоспарлау қажет», – деді ол.

Спикердің пікірінше, құрылыс көлемімен қатар нысандардың қолжетімділігін, сапасын және орналасуын да ескеру керек. Себебі бүгін қабылданған шешімдер аумақтың алдағы жылдардағы күнделікті өміріне әсер етеді. Ал «Халықтық құрылыс» аясында салынатын нысандардың сәулеттік келбеті мен айналасындағы кеңістік те алдын ала талқылануы тиіс.

«Ғимарат функционалды әрі қолайлы болумен қатар, қалыптасқан ортаға үйлесімді түрде кірігуі керек. Тұрғындар үшін нысанның көлемі, жарықтандырылуы, қолданылатын материалдар, көгалдандыру және адамдардың бұрыннан араласатын орындарын сақтау маңызды», – деп түйіндеді Жұлдызай Ысқақова.

Наверх