Қазақстан ТМД ішінде алғашқы болып пробацияның барлық түрін енгізді

29 Қазан 2019, 14:46
3200
Бөлісу:
Қазақстан ТМД ішінде алғашқы болып пробацияның барлық түрін енгізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Олар – сотқа дейінгі, үкімдік, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі пробация болып табылады. 

Бұл туралы бүгін Алматы қаласында Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігінің қолдауымен өткен "ІІ Орталық Азиялық диалог: түрмедегі адамдар санын азайту және пробация қызметін дамыту" халықаралық конференциясында ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев мәлім етті.

Пробация – бұл заңмен белгіленген адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың жүйесі.

Аюбаевтың айтуынша, ең алғаш рет біздің елімізде "пробация" ұғымы 2012 жылғы 15 ақпандағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңында қолданылған.

"Алғаш рет 2016 жылғы 30 желтоқсандағы "Пробация туралы" заңның қабылдануына орай пробацияның қолданылу аясы анағұрлым кеңейе түсті. Одан әрі қарайғы дамуы "Ұлт жоспары – 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам" бағдарламасының 33-қадамының аясында жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы желтоқсанда "Пробация туралы" Заңы қабылданып, пробацияның әлеуеті мен өзектілігі артты. Бұдан бөлек, сол жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы бекітілді", - деді Мейрам Аюбаев.
Кешенді стратегияның мақсаты – ол бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды кешенді әлеуметтендірудің ұлттық жүйесін құру, сондай-ақ қайта қылмыс жасау деңгейін төмендетуге ықпал ететін тиімді жағдайларды жасау.

Өзгелердің жаңалығы