Қазақстан полициясында Абай есімді 200 сақшы қызмет етеді

Бөлісу:
Қазақстан полициясында Абай есімді 200 сақшы қызмет етеді

Қазақстан полициясында Абай есімді 200 сақшы қызмет етеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, философ Абай Құнанбайұлының туғанына – 179 жыл. Төрт жылдан бері жыл сайын 10 тамызда Абай күнін атап өту елімізде дәстүрге айналған. Атаулы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қауырт қызметке қарамастан, Абай күні қарсаңында өткізілетін жиындардан полиция қызметкерлері де қалыс қалмай, белсене атсалысады. Ерекше тоқталып өтетін жағдай, Қазақстан полициясында ұлы ақынмен аттас 200 полицей қызмет етеді. Ішкі істер органдарында ақынның толық аты-жөнін арқалаған тәртіп сақшысы бар екен. Ол – Қарағанды қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция полкі штабының бастығы Жаналин Абай Құнанбайұлы.

Болмысы биік Абайдай білімді, ақын, ағартушы, ізденімпаз болсын деп кейіпкеріміздің есімін ағасы қойыпты. Полицей Абай Құнанбайұлы 1982 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Ауылда мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына заңгер мамандығына түскен. 2002 жылдан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарында. Полиция қызметкері шығармашылыққа жақын болмаса да, Абай мұрасымен жақсы таныс.

Мен – Абай Құнанбайұлымын. Бұл есімді алып жүру – мен үшін үлкен құрмет. Білесіз бе, ұлы адамның есімімен аттас болу – үлкен жауапкершілік. Мен өзіме ғана емес, өзгеге де үлгі болуым қажет. Маған қарап бой түзейтіндей, таңдаған жолымда адаспай жүруім керек екенін бала күннен, яғни Абай атамыздың өмір жолын оқып білгеннен-ақ ұққанмын, – дейді сала қызметкері.

ХХI ғасырдағы Абай Құнанбайұлы жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Құнанбайдың атасы қыздарының бірін Зере деп атаған екен. Осылайша бұл отбасының тағы бір мүшесіне танымал есім берілген.

Абай есімді полицей әр облыстан табылады. Бір Павлодар облысының өзінде ұлы ақынмен аттас сегіз полицей қызмет етеді.

Әрқайсысы Абайдай елдің қамын ойлайтын адал перзенттерді тәрбиелеуді мақсат етеді. Шығыс Қазақстан облысы да Абай есімінен кенде емес. Күршім ауданының Тақыр ауылында дүниеге келген Абай Сағиұлы да полицияда қызмет етеді. Абай көп балалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасының кенжесі.

Ол орта мектепті бітірген соң әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келді. Әскерден оралған соң 2004 жылы құқық қорғау саласына жұмысқа орналасқан. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық полиция бөлімінің Уақытша ұстау изоляторында қызмет етеді. Абайдың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті қадағалау, оқыстан болатын жағдайларға дайын болу жауапкершілік пен кәсібилікті қажет етеді.

Жанұямның кенжесі болғандықтан, есімімді анам қойған. Өкінішке орай, анамыз қазір ортамызда жоқ. Анам есімімді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы сияқты белгілі тұлға, білімді, саналы азамат болсын деген ниетпен қойған. Маған үміт артып, өз есімімді абыроймен алып жүруді тапсырып кетті, – деп Абай Сағиұлы сөзін тәмамдады.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын аталған тәртіп сақшылары ортасына сыйлы, ұжымында үздіктердің қатарында. Ұлы ақынның есімі қойылған 200 полицейдің алға қойған мақсаттары көп. Әрқайсысы ел игілігі жолында адал қызмет етуді басты парызы санайды.

 

Өзгелердің жаңалығы