Қазақстан мен Өзбекстан сотталғандарды өз елдеріне қайтара алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңның жобасы қаралды.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев заң жобасын таныстырды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталған адамдарды беру жөніндегі шарт еліміздің Конституциясы бекіткен талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Конституция халықаралық шарттарды өзгеше белгіленбесе, ел азаматын шет мемлекетке беру болмайды деп көрсеткен. Сонымен қатар елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік беріледі делінген, - деді ол.
Әсет Шындалиевтің сөзінше, екі ел арасындағы келісімшарт Конституция нормаларын жүзеге асыруға арналған. Бұл Өзбекстан конституциясында да бар.
Бұл келісім – Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне деген сенім белгісі. Құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөздер жүргізілді. Шартты жасамас бұрын екі ел арасындағы миграция процесі мен қылмыстық ахуал мұқият зерттелді. Әрине, шарт алдымен «адам құқықтарына қорғауға не береді?» деген мәселе туындайды, - деп атап өтті Бас прокурортың орынбасары Мәжілісте.
Оның айтуына қарағанда, мұндай шарттардың әлеуметтік мәні зор. Ең алдымен олар гуманитарлық сипатта.
Көп жағдайда басқа елдерде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болған соң адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамдарды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан бел үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң әсер ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзеудің мақсаты тек қана оларды жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау, - деп айтты Шындалиев.
Бас прокуратура өкілі шарттың ережелеріне тоқталды.
Сотталған адамды беру үшін ең алдымен оның келісімі қажет. Ол адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беруге тиіс. Яғни сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Мысалы, қазірдің өзінде бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы ниетін білдіріп отыр. Ол үшін біз сотталғандар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Өзбекстанда сотталған 20 азаматымыз бар. Олар да елге оралуға қарсы болмайды деп ойлаймыз, - деді ол Мәжілістегі жалпы отырыста.
Шартты ратификациялау біздің көрші әрі бауырлас елдің де азаматтарын Конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сотталғандарды беру талаптары қандай?
- ең алдымен азаматтығы болуы қажет;
- әрекет екі елде де қылмыс болуы керек;
- кемінде бір жыл жазасын өтейтін уақыты қалуға тиіс;
- екі ел де беруге келісу қажет.
Сотталған адамдар қандай жағдайда берілмейді?
- ел егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса;
- ұлттық заңнамаға қайшы келсе;
- қаржылай қарыздары сақталса;
- әлі сот процесі немесе тергеу жүріп жатса.
Жалпы 21 елмен осындай шарт бар.
Заң жобасы республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді.
Заң жобасын талқылап болғаннан кейін депутаттар құжатты дауысқа салып, заң жобасын қабылдады.