Қазақстан-Оман дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығы атап өтілді

24 Сәуір 2022, 13:25
1453
Бөлісу:
Қазақстан-Оман дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығы атап өтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Масқат қаласында Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізілді. 

Іс-шараға Оман Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Халифа бен Али әл-Харси және дипломатиялық корпустың, сондай-ақ Сұлтандықтағы бірқатар бизнес пен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан мен Оман арасындағы қатынастардың даму тарихын, оның ішінде Сұлтандықтың елімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрсеткен қолдауына тоқталып, қазіргі және болашақ екіжақты қатынастардың әлеуеті жөнінде пікір алмасты.

Оман Сыртқы істер министрінің орынбасары құттықтау сөзінде елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанынан бері бауырлас және өзара тиімді ынтымақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтіп, осындай қатынастарымыз мәңгі болсын деген тілегін білдірді. Сондай-ақ, ол Оманның Сыртқы істер министрлігі екіжақты қатынастардың белсенді дамуын қолдайтынын жеткізіп, оның бір дәлелі ретінде жақында Сұлтандық Қазақстан азаматтары үшін 14 күндік визасыз тәртіпті енгізгеніне назар аударды.

Жалпы, іс-шара қатысушылардың қызығушылығын тудырып, олардан екі ел арасындағы берік қатынастар жөнінде жылы лебіздер айтылды.

Өзгелердің жаңалығы