Қазақстан мұнайына қауіп сейіле ме? Сарапшылар АҚШ пен Украина келісімін бағалады

Сарапшылар бұл мәселеде саяси қысыммен қатар әлемдік энергетикалық нарықтағы жағдайдың да шешуші рөл атқаратынын айтады.

 ©BAQ.KZ коллажы 12 Тамыз 2026, 07:30
12 Тамыз 2026, 07:30
166
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ пен Украина Қара теңіз акваториясы мен Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына соққы жасамау жөнінде уағдаласты. Қазақстанның ұстанымын Румыния да қолдады. Алайда бұған дейін де КҚК нысандарының қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерілгеніне қарамастан, инфрақұрылым мен мұнай тасымалдайтын танкерлер шабуылға ұшырады. Сондықтан жаңа келісім қаншалықты берік және ол Қазақстан мұнайының қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма? BAQ.KZ тілшісі тақырыпты сарапшылармен бірге зерделеп көрді.

Бұған дейінгі келісімдер неге нәтиже бермеді?

Халықаралық сарапшы Таир Нигманов жаңа уағдаластыққа сақтықпен қарауға негіз бар екенін айтады. Себебі КҚК инфрақұрылымының қауіпсіздігі бұған дейін де көтерілген. Тіпті АҚШ тарапы Украинаға өз наразылығын білдіріп, Қара теңіздегі нысандар туралы қажетті ақпарат берілген.

Бұл келісімдердің басты мәселесі – мұндай уағдаластықтардың бұған дейін де болғанында. Осыдан бірнеше ай бұрын АҚШ-тың Украинадағы елшісі КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты наразылығын білдірген еді. Сол кезде-ақ Қара теңіз акваториясындағы КҚК нысандары туралы мәліметтер, олардың координаттары, кімге тиесілі екені және басқа да ақпарат берілген болатын. Соған қарамастан, арада небәрі бірнеше күн өткенде КҚК нысандарына да, мұнай тасымалдайтын танкерлерге де бірнеше рет шабуыл жасалды, – дейді Таир Нигманов.

Осы себепті сарапшы қазіргі келісімді КҚК қауіпсіздігіне толық кепілдік береді деп бағалауға асықпайды. Дегенмен бұл жолы АҚШ тарапынан қысым күшейсе, Қара теңіздегі жағдайға әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Сондықтан әрине, жаңартылған келісімдер мен АҚШ тарапынан қысымның күшеюі Қара теңіз акваториясындағы қауіпсіздікті арттырады деп үміттенгіміз келеді. Бірақ бұл келісімдер міндетті түрде орындалады деп нақты айтуға, әрине, болмайды, – дейді халықаралық сарапшы.

Румынияның қолдауы нені білдіреді?

Қазақстанның ұстанымын Румынияның қолдауы да бұл мәселеде маңызды болып отыр. Нигманов мұны екі ел арасындағы энергетика саласындағы бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықпен байланыстырады.

Біздің еліміздің ұстанымын кейбір мемлекеттердің де қолдағаны қуантады. Соның ішінде Румыния бар. Меніңше, бұл Қазақстан мен Румынияның энергетика саласында бұрыннан бері ынтымақтасып келе жатқанымен байланысты, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, келісімнің орындалуына АҚШ-тың ғана емес, Украинаның еуропалық серіктестерінің де ұстанымы әсер етуі мүмкін. КҚК төңірегіндегі жағдай тек Қазақстанға қатысты мәселе емес. Оның салдары Украинаға қолдау көрсетіп отырған елдердің өздеріне де тиеді.

Әрине, АҚШ қана емес, Украинаның еуропалық серіктестері де КҚК-ға жасалған соққылардан бірінші кезекте өздері зардап шегетінін Украинаға неғұрлым жиі еске салса, бұл келісімдердің шынымен сақталу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, – дейді Таир Нигманов.

КҚК-ның маңызы неде?

Саясаттанушы Руслан Мақсат АҚШ пен Украина арасындағы уағдаластықты тек екі ел арасындағы саяси келісім ретінде қарастыру жеткіліксіз деп санайды. Оның айтуынша, мәселе қазіргі әлемдік энергетикалық нарықтағы тепе-теңдікпен тікелей байланысты. Сондықтан бұл шешімнің артында ірі ойыншылардың прагматикалық мүддесі тұр.

АҚШ пен Украина арасындағы Қара теңіз акваториясы мен Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына соққы жасамау туралы уағдаластықтары қазіргі жаһандық энергетикалық архитектураның тепе-теңдігіне тікелей байланысты. Бұл шешімнің артында әлемдік нарықтың ірі ойыншыларының прагматикалық есебі тұр. Бұл келісімдердің беріктігі мен ұзақ мерзімділігін бірнеше негізгі фактор тұрғысынан қарастыруға болады, – дейді саясаттанушы.

Ол бірінші кезекте әлемдік энергетикалық қауіпсіздік пен нарықтағы үлес балансына назар аударады. Сарапшы АҚШ, Қытай, Еуроодақ және Түркия сияқты ірі геосаяси ойыншылардың бұл мәселедегі мүддесі тоғысатынын айтады.

Бұл – АҚШ, Қытай, Еуроодақ және Түркия сияқты ірі геосаяси ойыншылардың үйлестірілген ұстанымы. КҚК арқылы тасымалданатын мұнай әлемдік нарықтың шамамен 2%-ын қамтамасыз етеді. Салыстырмалы түрде алғанда, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен Парсы шығанағындағы тұрақсыздық жағдайында әлемдік мұнай экспортының 20%-ға жуығы, яғни Ормуз бұғазы арқылы өтетін көлем қауіп астында қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда КҚК жұмысының тоқтауы жаһандық энергетикалық дағдарыс пен бағаның күрт шарықтауына әкеп соғады. Сондықтан мұндай сценарийге ірі экономикалардың ешқайсысы мүдделі емес, – дейді Руслан Мақсат.

Украина үшін Батыс елдерінің ұстанымы маңызды

Саясаттанушы келісімнің сақталуына әсер ететін тағы бір фактор ретінде Украинаның батыстық серіктестеріне тәуелділігін атайды. Оның пікірінше, АҚШ пен Еуроодақ елдерінің ұстанымы Киевтің шешімдеріне ықпал етеді.

Украина өзін қолдап отырған батыстық серіктестерінің – АҚШ пен Еуроодақтың, соның ішінде Румыния сияқты елдердің ұстанымы мен қаржылық-әскери көмегіне тікелей тәуелді. Осы орайда жаһандық экономикалық тұрақтылыққа нұқсан келтіретін қадамдарға жол бермеу туралы ортақ мәміле Киевтің де мүдделерімен санасуға мәжбүрлейді, – дейді сарапшы.

Дегенмен Руслан Мақсат бұл уағдаластықтың қанша уақыт сақталатынын нақты болжау қиын екенін айтады. Оның пікірінше, келісімнің беріктігіне ең алдымен Таяу Шығыстағы жағдай әсер етеді.

Бұл келісімнің қаншалықты ұзаққа созылатынын нақты болжау қиын, алайда оның жұмыс істеу мерзімі негізгі екі шартқа тәуелді. Біріншісі – Таяу Шығыстағы ахуал. Ормуз бұғазы толықтай қауіпсіздік аймағына айналып, тұрақты жеткізілім тізбегі қалпына келмейінше, КҚК бағыты әлемдік нарық үшін алмастырғысыз болып қала береді, – дейді саясаттанушы.

Келісімді бұзуы мүмкін қандай тәуекелдер бар?

Екінші мәселе – соғыстың әрі қарай қалай өрбитіні. Сарапшының сөзінше, геосаяси шиеленістің күшеюі тараптарды күтпеген шешімдер қабылдауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан саяси уағдаластық болғанымен, әскери факторды толығымен жоққа шығаруға болмайды.

Екіншісі – эмоционалдық және әскери факторлар. Геосаяси шиеленістің күшеюі мен тараптардың күтпеген қадамдары белгілі бір тәуекелдерді сақтап отыр. Атап айтқанда, Ресей тарапынан Украинаның энергетикалық немесе маңызды инфрақұрылымына жасалатын жаппай соққылар жағдайында Киев тарапынан асимметриялық жауап қайтару немесе КҚК нысандарына қатысты эмоционалды шешімдер қабылдау ықтималдығын толықтай жоққа шығаруға болмайды, – дейді Руслан Мақсат.

Осы тұрғыдан алғанда, екі сарапшы да қазіргі келісімге абсолютті кепілдік ретінде қарауға болмайтынына назар аударады. Таир Нигманов бұған дейінгі уағдаластықтардан кейін де шабуылдар болғанын еске салса, Руслан Мақсат келісімнің сақталуын әлемдік энергетикалық ахуал мен соғыстың әрі қарайғы барысымен байланыстырады.

Қорытындылай келе, қазіргі уағдаластық – әлемдік экономиканың мүддесі мен ірі державалардың саяси еркі тоғысқан уақытша, бірақ өте маңызды тепе-теңдік нүктесі. Алайда қақтығыстың динамикасына байланысты бұл баланс сынға ұшырауы мүмкін, – деп түйіндеді Руслан Мақсат.

Наверх