Қазақстан мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған?

4 Қазан 2023, 09:01
8292
Бөлісу:
Қазақстан мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған?
Фото: BAQ.KZ

Биылдан бастап елімізде 5 қазан күні Мұғалімдер күні тойланады. Атаулы күнге орай еліміздің мұғалімдеріне қандай жағдай жасалып жатқанын Baq.kz шолуынан оқи аласыздар.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

5 қазан – Мұғалімдер күні

Үкімет жақында қаулы қабылдап, 5 қазан – Мұғалімдер күні деп бекітті.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.

Педагогтердің мәртебесі заңмен қорғалады

2019 жылы 27 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның мақсаты - педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген.

Заң жобасы 19 баптан тұрады және төрт бағыттан тұрады:

- ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; 

- мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; 

- материалды емес ынталандыру; 

- материалды ынталандыру.

Жалақы өсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруды тапсырған болатын. Оның аясында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Кейінгі 3 жылда мұғалімдердің жалақысы әр жыл сайын тағы 25 пайыздан артып отырды.

Осылайша мұғалімдердің жалақысы төрт жылда екі есе өсті.

Сонымен қатар «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда сынып жетекшілік пен дәптерлерді тексеруге екі есе көлемде үстемақы төлеу, еңбек демалысының мерзімін ұзарту сияқты шаралар қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы тағы 25 пайызға өсіп, орта есеппен 450 мың теңге болды. Бүгінгі таңда 217 000 (63%) мұғалім жаңа жүйе бойынша аттестация қорытындысы бойынша негізгі жалақысына қосымша ақы алады , - деп айтқан болатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тамыз кеңесінің пленарлы отырысында.

Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30%-ға көбейтілді.

Еліміздің мектептерінде 350 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның ішінде 220 мыңнан астам педагогке аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді. Мысалы, педагог-шеберге 50%, педагог- зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады. Еліміз бойынша барлығы 73 820 педагог-модератор, 81 168 сарапшы, 71 141 зерттеуші, 3482 шебер бар.

Біржолғы сыйақы

2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге келесі мөлшерлерде біржолғы сыйақы беріледі.

- l дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;

- ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері;

- үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.

«Үздік педагогке» 3,5 млн теңге сыйақы беріледі

Елімізде жыл сайын «Үздік педагог» республикалық байқауы өтеді. Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық педагогикалық қызметкерлері қатыса алады.

Бүгінде бұл конкурс басталып кетті. Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» сертификатымен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.

2012 жылдан бері еліміздің 620 мұғалімі республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанып, оның қорытындысы бойынша 1000 АЕК көлемінде сыйақы алды.

Еңбек демалысы – 56 күн

Еңбек демалысы ақысы сіздің әр айдағы табысыңыздың жиынтығын сол айлардағы жұмыс кундерінің жалпы санына бөлгенде бір күндік жалақыңызды шығару арқылы сізге неше күн еңбек демалысы берілгеніне байланысты есептеледі.

Қазақстанда мұғалімдердің еңбек демалысы – 56 күн.

Ұстаз денсаулығын жақсарту шаралары аясында бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақы кепілдігі сақталды.

Ұстаздарға қолдау

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 12-бабына сәйкес педагогтерге келесі кепілдіктер берілді:

- тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақхана алуға;

- жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне ие болуға.

Заң бағыттары педагогтерді материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктерін қарастырады. Олардың қатарында мәселен, педагогтердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру қарастырылған.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін атап өтті. Тоқаев тап өткендей, дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды.

Өзгелердің жаңалығы