Қазақстан мен Жапония атом энергиясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Жапон тарапы Қазақстанмен серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады және кадрлар даярлауға, ядролық және физикалық ядролық қауіпсіздік саласындағы құзыреттерді дамытуға, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік тетіктері арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

 Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Бүгiн 2026, 21:46
Бүгiн 2026, 21:46
169
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің Жапонияның Атом энергиясы агенттігінің (JAEA) президенті Масанори Когучи (Masanori Koguchi) және Marubeni Corporation компаниясының өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізу, кадрлар даярлау және озық ядролық технологияларды дамыту салаларындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылады.

Қазақстанның Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталығының жапондық серіктестермен 2002 жылдан бері табысты ынтымақтастық орнатып келе жатқаны ерекше атап өтілді. Бұл өзара іс-қимыл ғылыми-техникалық серіктестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастырып отыр.

Жапон тарапы Қазақстанмен серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады және кадрлар даярлауға, ядролық және физикалық ядролық қауіпсіздік саласындағы құзыреттерді дамытуға, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік тетіктері арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылық танытатынын растады. Сондай-ақ екі елдің салалық ұйымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға және атом саласындағы жаңа бірлескен жобаларды пысықтауға дайын екендіктерін жеткізді.

Наверх