Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 10,5%-ға өсіп, 2,1 млрд долларға жетті. Елімізге Жапониядан тартылған тікелей инвестиция көлемі – 8 млрд доллар. Алдағы уақытта жапон компанияларымен бірлесіп, энергетика, ЖЭК, білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылатын болады. Мақсат – еліміздің экономикасына ауқымды әрі сапалы инвестиция тарту, - деп атап өтті Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, елордада "Орталық Азия + Жапония" диалогы бизнес-форумы өтіп, оған 450-ден астам делегат қатысты. Олардың көбісі Жапониядан келген түрлі қауымдастық өкілдері. Бүгінде Орталық Азия мемлекеттері Жапонияның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналады. Соңғы жылдары аймақтың экономикасы қарқынды дамып келеді. Мәселен, ОА елдерінің өзара сауда айналымы $11 млрд шамасында болса, оның 70%-ы Қазақстанға тиесілі.