Қазақстан мен Түркия стратегиялық серіктестікті нығайтады

8 Қыркүйек 2024, 01:23
374
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия стратегиялық серіктестікті нығайтады
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Нух Йылмаздың төрағалығымен екіжақты саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.

Аталған консультациялар аясында тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Саяси өзара іс-қимылға талдау жасалып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы перспективалар қарастырылды. Атап айтқанда, түрік тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобаларға инвестиция салуға мүдделі екендігін білдірді.

Сондай-ақ делегациялар басшылары ғылым және білім, ақпараттық технологиялар және медицина салаларында өзара іс-қимылды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады.

Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ мүдделілік танытып, 2024 жылға жоспарланған жоғары және аса жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шараларға дайындық барысын қарастырды.

Делегациялар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тығыз және тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растап, Ұйымның міндеттері мен мақсаттарын тиімді іске асыру үшін тиісті тетіктер мен регламенттерді іске қосудың қажеттілігін атап өтті.

Консультациялар қорытындысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи бауырластық және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы