Қазақстан мен Түркия: экспорт импорттан жоғары

20 Мамыр 2022, 11:45
2757
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия: экспорт импорттан жоғары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың бірінші тоқсанында 1,5 млрд. АҚШ долларына жетті. Барлық шет елдермен жалпы тауар айналымына келсек, онда Түркия 6,5% үлес-салмағымен үшінші орында, оның ішінде импорт - 4,2%, экспорт – 7,2%. Бұл туралы  ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады. 

Экспорт

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Түркияға құны 1 251,9 млн. АҚШ долларын құрайтын тауарлар экспортталған, импорт 236,3 млн. долларды құраған. Сәйкесінше, сыртқы тауар айналымының оң сальдосы 
1 млрд. АҚШ доллары деңгейінде болды. 

Түрік тарапынан негізгі сұранысқа ие болғаны «отын-энергия тауарлары», олардың құны 885 млн.доллар болып, ағымдағы жылдың үш айындағы жалпы экспорттың 70,7% -ын құрады.

Екінші орында «металдар мен олардан жасалған бұйымдар», құны – 324 млн. доллар немесе экспорт құрылымында - 25,9%.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Түркияға жануар және өсімдік текті өнімдер, тоқыма бұйымдары, машина жабдықтары, химия онеркәсібінің өнімдері және т.б. экспортталған.

Импорт

Қазақстанға Түркиядан 62 млн. АҚШ доллары сомасына машина жабдықтары,  құрылғылар мен аппараттар импортталған, бұл импорттың 26,2%-ын құрайды.

Екінші орында құны 47,5 млн. АҚШ долларын құрайтын «тоқыма және тоқыма бұйымдары», олар ағымдағы жылдың үш айындағы осы елден келетін жалпы импорттың 20%-ын құрады.

Одан бөлек, химия онеркәсібінің өнімдері, жануар және өсімдік текті өнімдер, металдар мен олардан жасалған бұйымдар, аяқ киім, бас киім мен галантерея тауарлары, құрылыс материалдары және т.б. тауарлар импортталған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тауар айналымы 803,1 млн. АҚШ доллары деңгейінде болған. Ол кезде экспорт - 545,2 млн. долларды,  импорт - 257,8 млн. долларды құраған.

Өзгелердің жаңалығы