Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Татарстан Республикасы Олимпиада кеңесінің төрағасы Марат Бариевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты, алда өтетін халықаралық жарыстарды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Министр Қазан қаласы халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырғанын, сондай-ақ БРИКС ойындарында Қазақстан құрамасы сапынан 114 спортшы 16 спорт түрінен қатысқанын атап өтті. Әңгіме барысында Ермек Маржықпаев Париждегі жазғы Олимпиадаға және күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ерекше назар аударды.
Қазақстан мен Татарстанның спорт саласындағы ынтымақтастығы спортшыларымыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашады. Біз тәжірибе алмасуда және халықаралық жарыстарға бірлесіп дайындалуда зор әлеуетті көріп отырмыз. Бұл бізге аталған салада үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді, - деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ министр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ресей құрамасы спорттың барлық түрі бойынша қатысатынын және 200-ге жуық спортшы келетінін ресми хабарлады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Татарстан спортшылары спорттың 6 түрінен (алыш, аударыспақ, ашыртмалы аба гюреши, қазақ күресі, корэш, кураш) бақ сынайды.
Кездесу соңында министр қыркүйекте Астанада өтетін көшпенділер додасында Татарстан спортшыларының сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.