Қазақстан мен Сербия сауда байланыстарын кеңейтуге ниетті

25 Қараша 2023, 14:11
484
Бөлісу:
Қазақстан мен Сербия сауда байланыстарын кеңейтуге ниетті
Фото: gov.kz

Қазақстан Елшісі Мәди Атамқұлов Сербияның Ішкі және сыртқы сауда министрі Томислав Момировичпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы сауда қатынастарын кеңейту мүмкіндіктері талқыланып, осы тұрғыда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысын өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті және шикізаттық емес тауар түрлері үлесінің артуы туралы хабардар етті. Осы тұрғыда ол екіжақты тауар айналымын әртараптандыру қажеттігін атап өтті.

Т. Момировичтың айтуынша, ресми Белград Қазақстанмен саяси және экономикалық деңгейде қарым-қатынасты дамытуға үлкен көңіл бөледі.

Министр серб тарапының бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын растады. Осыған байланысты, келісімдерді практикалық деңгейге жеткізу мақсатында серб тарапы келесі Қазақстан-Сербия ҮАК отырысы аясында бизнес-форум ұйымдастыруды ұсынды.

Т. Момирович Қазақстанға келуге дайын екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы