Қазақстан мен Ресей сенаторлары стратегиялық әріптестікті нығайта түсті

24 Мамыр 2024, 18:26
290
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей сенаторлары стратегиялық әріптестікті нығайта түсті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен депутаттар Ольга Булавкина, Ернұр Әйткенов, Сергей Ершов, Нурия Ниязова және Талғат Жүнісов Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 21-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге қатысушылар өңіраралық жан-жақты ынтымақтастықты өрістету, тарихи естелік пен мәдени мұраны сақтаумен қоса мәдени-гуманитарлық саланы жетілдіру, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің туризм және спорт саласындағы байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады.

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов өз сөзінде халықтар достығы Ресей сияқты Қазақстанда да ішкі саясаттың басты басымдығы екенін айта келіп, ол елдің өркендеуі мен әл-ауқатының негізі болып табылатын атап өтті.

Біздің елдеріміз бір-біріне әрқашан негізгі стратегиялық әріптес болатынына күмән жоқ. Екіжақты қатынастар барлық салада және барлық деңгейде дами береді. Ел мүддесін өзара құрметтеу басты қағидат болып табылады. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары ынтымақтастықты тереңдетуді бағдар етеді. Біздің көшбасшыларымыз биылдың өзінде, жарты жылға жетпей бірқатар кездесу өткізді. Біздің Палаталар төрағаларының арқасында Сенат пен Федерация Кеңесінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық сапалы түрде өрістеп келеді, - деді Жақып Асанов.

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының Бірінші орынбасары Андрей Яцкин мен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко өз кезегінде Ресей Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын екенін атап өтті.

Сенатор Талғат Жүнісов Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстанда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық жүріп жатыр. Ардагерлерге және тарихи оқиғалардың ұмытылмауына ерекше назар аударылуда, түрлі шаралар мен әскери шеру жоспарланып отыр.

Сенатор Ернұр Әйткенов экономика, мәдениет, білім және денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ инновациялар, экологиялық орнықты даму және көлік инфрақұрылымын одан әрі жақсарту жөніндегі өзара іс-қимылдың елеулі әлеуетін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы