Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 30 млрд доллар деңгейінде болады деп болжанып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі сапар екіжақты ынтымақтастықта сапалы өзгерістер бар екенін көрсетті.
Сауда көлемі 30 млрд доллар деңгейінде болады деп болжанып отыр. Еліміздің экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша Ресей барлық мемлекеттердің ішінде бірінші орынға шықты, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы жобалар пакетіне 177 жоба енгізілгенін хабарлады.
Экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы жобалар пакетіне 177 жоба енгізілді. Оның ішінде 122 жоба операциялық кезеңге өтті, яғни іске асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Ресеймен ынтымақтастықты басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгін өкілді делегациялардың қатысуымен өткен келіссөздер іскерлік және конструктивті жағдайда өтті. Тараптар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нәтижелі пікір алмасып, стратегиялық сипаттағы уағдаластықтарға қол жеткізді.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 29 млрд доллардан асқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 92 млн тоннаға жеткенін айтты.
Ал Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей экономика, энергетика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын мәлімдеді.