Астанада теміржол көлігі саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің XIV отырысы өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуіншн, алқалы жиын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов пен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік теміржол әкімшілігі басшысының орынбасары Ань Лушэннің қатысуымен өткенін айта кетейік. Тараптар теміржол көлігі саласындағы екіжақты байланыстың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, осы бағыттағы әріптестікті кеңейту жөнінде пікір алысты.
Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі рекордтық деңгейге, атап айтқанда 23,2 млн тоннаға жетіп, бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 15%-ға көп. Сонымен қатар биылғы 4 айда екіжақты жүк тасымалының көлемі де оң серпінді көрсетіп, 8,8 млн тоннаға жетіп отыр.
ҚР және ҚХР шекаралық өткелдерінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында тараптар шекаралық стансаларда және стансаларға таяу жолдарда теміржол желілерінің құрылысын дамытып, инфрақұрылымын жаңғыртуға уағдаласты. Бұған қоса шекаралық теміржол стансаларында жүк тасымалдарының тәуліктік жұмысын, бос және тиелген вагондардың үздіксіз және тұрақты жүруін, Қытай мен Қазақстан арасында, сондай-ақ Қытай-Еуропа-Орталық Азия арасында теміржол жүк тасымалдарын дамытуды қамтамасыз етуге келісті.
Сонымен қатар екі елдің ресми өкілдері Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара өткелдері арқылы контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты оң бағалады.
Қытай мен Қазақстан арасындағы және транзиттік қатынастардағы контейнерлік тасымалдар бағытында экономикалық және сауданың дамуын ынталандыруға ықпал ете отырып, Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын тиімді қамтудың оң үрдісін сақтайды.
Бұдан басқа 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан-Қытай темір жолында жүкқұжат негізінде жүктерді тасымалдау бойынша электронды деректер алмасу жүйесі ресми түрде іске қосылды. Жүкқұжат ЦИМ / СМГС электронды ақпарат алмасуды қамтамасыз ету үшін Қытай мен Қазақстанның мамандары халықаралық жүк тасымалы туралы электронды деректермен алмасу туралы келісімге қосымша келісімнің мәтінін уағдаласуды сәтті аяқтап, биыл 28 ақпанда қол қойды. Екі тарап та елдер арасындағы теміржол тасымалы туралы электронды деректер алмасуды ілгерілетуді қолдайды, сондай-ақ теміржол ынтымақтастығын ұйымдастыру шеңберінде халықаралық теміржол көлігі жүкқұжаттарын электронды рәсімдеуге және тасымалдауды жеңілдетуге жәрдемдеспек.
Тараптар қағаз құжатынсыз халықаралық жүк тасымалдарын дамытудың маңыздылығын атап өтті және электронды деректермен алмасу жүйесін жетілдіру мақсатында екіжақты теміржолдарын электронды деректер алмасудың сапасын арттыру, электронды қолтаңбаны өзара тануды жеделдету, тиісті келісімдер мен тәртіптерді әзірлеу жөнінде шаралар қабылдауды қолдап отыр.