Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдың шет елдермен достық қоғамының (Қытайдың достық қоғамы) төрағасы Ян Ваньминмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың қазіргі ахуалы мен келешектерін талқылады.
Ш. Нұрышев қытай әріптесін жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтылған Әділетті Қазақстанды құру және елді жаңғырту шаралары туралы таныстырды.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары (2024 ж. 2-4 шілде) аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мақсатында қазақ дипломаты халық дипломатиясын дамыту маңыздылығын баса айтты.
Я. Ваньмин екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында екіжақты мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін білдірді.
Бұл тұрғыда Қытай достық қоғамының төрағасы 2025 жылы жоспарланған Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Орталық Азия – Қытай» саммиттері аясында аталған тетіктердің өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізуді ұсынды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар жоғарыда баяндалған екіжақты ынтымақтастық салаларын ілгерілету мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен Қытай достық қоғамы арасында тығыз байланыста болуға уағдаласты.