Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында бірлескен зерттеу орталығын құру жоспарлануда.
Бұл мәселе Қытайға жұмыс сапары аясында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен China Energy Engineering Group (Energy China) корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ни Чжэнь арасындағы келіссөзде талқыланды.
Тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, энергетикалық жүйені цифрландыру, электр желілерін дамыту және энергия сақтау жүйелерін енгізу мәселелеріне назар аударды. Бірлескен орталықта Energy China институттарының тәжірибесін пайдалана отырып, ірі инженерлік жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және салалық деректер базасын қалыптастыру көзделіп отыр.
Келіссөзде сутегі энергетикасын дамыту перспективалары да қаралды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ базасында Қазақстандағы алғашқы сутегі өндіру қондырғысы іске қосылған.
Сонымен қатар «Екібастұз – Балқаш» бағыты бойынша қуаты 2 ГВт тұрақты ток электр беру желісін салу жобасы талқыланды. Қазақстан тарапы жоба бойынша қажетті есептеулер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген.
Тараптар өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін дамыту мәселесін де қарастырды. Бұл бағыттағы инвестициялардың қайтарылу тетіктерін айқындайтын заң жобасы бірінші оқылымнан өткен. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда пысықтау жоспарланып отыр.
«Бүгінде Energy China компаниясымен әріптестігіміз жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен ғылыми жұмысқа, инженерлік құзыреттермен алмасуға және желілерді дамытуды кешенді жоспарлауға бағытталуда. ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру, тұрақты ток технологияларын және энергия сақтау жүйелерін дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалардың барысы да талқыланды. Energy China мәліметінше, Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт «Сауран» күн электр станциясын желіге қосу ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған. Бұл бастапқы мерзімнен ерте жүзеге асырылмақ.
Ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы бойынша құрылыс кезеңіне көшу үшін инвестициялық келісімнің жекелеген талаптарын келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Келіссөз қорытындысында тараптар технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми-инженерлік жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.