2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы тұрақты өсім көрсетті. Алты айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы жүк айналымы 18,7 миллион тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Статистикаға сәйкес, жүк тасымалының екі бағыты бойынша да оң динамика қалыптасқан. Қытайдан Қазақстанға 7 миллион тонна жүк жеткізіліп, бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 9 пайызға көп болды. Ал Қазақстаннан Қытайға 11,7 миллион тонна жүк жөнелтілген. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 10 пайызға жоғары.
Экспорт көлемі де айтарлықтай артқан. Қазақстаннан Қытайға жөнелтілген кен, құрама жем, қара және түсті металдар, астық, мұнай және мұнай өнімдері секілді негізгі экспорттық жүктердің көлемі 8,5 миллион тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен.
Мамандардың айтуынша, мұндай өсімге екі елдің теміржол әкімшіліктері арасындағы жүйелі ынтымақтастық ықпал еткен. Сонымен қатар шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру және логистикалық процестерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар да жүк айналымының ұлғаюына мүмкіндік беріп отыр.
Жүк тасымалының артуына ең үлкен үлесті Достық шекаралық өткелі қосты. Биылғы алғашқы алты айда бұл бағыт арқылы 10,6 миллион тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Ал Достық станциясы арқылы жүзеге асқан экспорт көлемі 5,4 миллион тоннаға жетіп, бір жыл ішінде тағы 15 пайызға көбейді.
1990 жылы пайдалануға берілген Достық станциясы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі көлік-логистикалық тораптардың біріне айналған. Осы жылдар ішінде мемлекеттік шекараның екі жағында да заманауи терминалдар мен инфрақұрылым қалыптасып, халықаралық жүк ағындарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалды.
Оң өсім Алтынкөл шекаралық өткелінде де сақталды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл бағыт арқылы 8,1 миллион тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өсті. Ал экспорт көлемі 3,1 миллион тоннаға жетіп, бір жылда 29 пайызға артқан.