Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік нығайып келеді

30 Наурыз 2024, 10:05
369
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік нығайып келеді
Фото: gov.kz

Қытай тарапының шақыруымен Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында екі елдің сыртқы істер министрлері деңгейіндегі Стратегиялық диалогтың бірінші отырысы өтті, оны құру туралы тиісті меморандумға тараптар сол күні қол қойды.

ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Тараптар аса жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарады, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-қытай қатынастарының даму динамикасын жоғары бағалады.

Біз Бейжіңмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береміз. Біздің арамызда жан-жақты стратегиялық серіктестік орнады, ол екі ел басшыларының жеке достық байланыстары арқасында нығайып келеді, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу. 

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болғанын және елдер рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

2023 жылы екіжақты тауар айналымы 30%-дан астамға өсіп, 41 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл тұрғыда бірлескен экономикалық және көлік-логистикалық жобаларды, атап айтқанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде одан әрі ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

Қазақстан – өңірдегі беделді стратегиялық серіктесіміз және Қытай екі ел халықтарының игілігі үшін өзара іс-қимылды толығымен нығайтуға және арттыруға дайын, – деп айтты ҚХР СІМ басшысы.

Сұхбаттастар өңіраралық ынтымақтастықтың, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және адами алмасуының айтарлықтай жанданғанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Бұған өткен жылдың қараша айында күшіне енген өзара визасыз режим маңызды серпін берді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ағымдағы жылы болатын түрлі деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді».

Сол күні ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды арттыру жөніндегі бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударды. Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуды қоса алғанда, өнеркәсіптік, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты бірлесіп дамытудың жаңа тәсілдері қажет екені аталып өтті.

Сонымен бірге ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Нұртілеу Қазақстаннан келген басты қонақ ретінде Қытайда Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу рәсіміне қатысты. Ол өз сөзінде іс-шараға қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын оқып берді.

Өзгелердің жаңалығы