Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар – Президент

 ©️ BAQ.KZ архиві 9 Қыркүйек 2026, 10:05
9 Қыркүйек 2026, 10:05
101
Фото: ©️ BAQ.KZ архиві

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қытай Қазақстан үшін әрдайым сенімді әрі достас мемлекет болып қала береді. Екі елді ортақ шекара ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік байланыстар да біріктіреді.

«Жолы бірдің – жүгі бір» деген қазақ мақалы екі ел арасындағы қарым-қатынастың мәнін дәл сипаттайды. Қазақстан Қытаймен достықты жоғары бағалайды. Бұл байланыс халықтардың мүддесіне сай келеді әрі Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңызды факторына айналды, – деді Президент.

Байланыс тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда қазақ-қытай қатынастары бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде дамып отыр. Президент Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ықыласы мен еліміздің Еуразиядағы рөлін жоғары бағалайтыны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, екі ел басшылары арасындағы тұрақты саяси диалог стратегиялық әріптестіктің негізгі тірегіне айналған.

Мемлекет басшысы кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін ғана емес, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі маңызды тақырыптарды да ашық талқылайтынын атап өтті.

Ынтымақтастық барлық негізгі саланы қамтыды

Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жай ғана дипломатиялық ұғым емес. Ол сауда, инвестиция, саясат, халықаралық қатынастар және гуманитарлық байланыстарды қамтитын ауқымды жұмысқа негізделген.

Бүгінде екі елдің ынтымақтастығы сауда мен инвестициядан бастап энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет салаларына дейін кеңейген.

Сауда көлемі рекордтық деңгейге жетті

Тоқаевтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтап, бір жылда 11 пайызға өскен. Ал биыл жылдың алғашқы алты айында екі ел арасындағы сауда көлемі 27,2 миллиард долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен төрттен бірге артқан.

Қазіргі таңда Қытай - Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі саналады.

Ендігі мақсат – технологиялық серіктестікті күшейту

Президент экономикалық ынтымақтастықтың сапасына ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, алдағы уақытта тараптар шикізат экспортына негізделген модельден бірлескен өндірістер құруға, өнімді терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар тауарлар шығаруға көбірек көңіл бөлуі тиіс.

Біз үшін жаңа технологияларды енгізу мен өндірістік кооперацияны дамыту маңызды. Бұл бағытта үлкен мүмкіндік бар. Қытайлық серіктестер де осы ұстанымды қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан көлік дәліздерінің негізгі торабына айналмақ

Тоқаев көлік және логистика саласын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде атады. Президенттің айтуынша, Қазақстан өзінің географиялық артықшылығын тиімді пайдаланып, Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуға ұмтылып отыр.

Бұл бағытта «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, жаңа теміржол желілерінің құрылысы, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды дамыту, сондай-ақ шекара инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жасанды интеллект саласында жаңа жобалар іске асады

Президент технологиялық ынтымақтастықтың маңызы жылдан жылға артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робот техникасы және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемдік көшбасшылардың бірі болса, Қазақстан цифрлық трансформацияны жеделдетуге басымдық беріп отыр.

Жуырда Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы аясында Тоқаев Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен кездескен.

Кездесулер барысында цифрлық экономика, интеллектуалды өндіріс, электронды сауда, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау бағыттарындағы бірлескен жобалар талқыланған.

Сонымен қатар алдағы жылдары Астанада дарынды балаларға арналған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарланып отыр.

Сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізу міндеті тұр

Президент келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде екі мемлекет сенімге негізделген берік әріптестік қалыптастырды.

Алдымызда үлкен, бірақ толықтай орындалатын міндеттер тұр. Соның бірі – өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға жеткізу және экономикалық ынтымақтастықтың сапасын жаңа деңгейге көтеру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін айтып, екі ел қарым-қатынасының болашағына сенім білдірді.

Наверх