Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек

19 Сәуір 2024, 13:54
312
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанмен құжатқа қол қойғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесуде Мемлекет басшысы қазақ-қырғыздың сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуға баса мән берілгенін айтты.

Қазақстан - Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 млрд долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны 260 млн доллар.

Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда қолда бар мүмкіндікті барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Әсіресе үкіметаралық кеңес пен аймақаралық форумның жұмысын жандандырған жөн. Сондай-ақ шекарада салынып жатқан сауда-логистика, индустуриялық кешенінің құрылысын талқыладық. Оны көпке созбай тез арада іске қосамыз деп келістік. Бұл қадам өндірістік байланысты және сауда-саттықты жандандырмақ, - деп түсіндірді Тоқаев.

Бұдан бөлек, президенттер жиында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктерді де талқылаған.

Былтыр екі мемлекеттік осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 млн долларға жеткен.

Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің үкіметіне жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аудардық. Бүгін қабылданған шешімдер бұл іске айтарлықтай ықпал етеді деп сенемін, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.

Өзгелердің жаңалығы